10 қарашада Талғар ауданы сотында айыпталушы Хасан Қасымбаев соңғы сөзін айтты, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.

Мән-жайы

Хасан Қасымбаевқа үш бап бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және бопсалау. Онымен қатар тағы бес адам айыпталушылар қатарында. Істе екі жәбірленуші бар, олар — ММА файтері әрі жаттықтырушы Арман Әлімов және кәсіпкер Әріпжан Тәжиев.

Хасан Қасымбаев 2024 жылы 2 қарашада ұсталған болатын.

Хасан Қасымбаевтың соттағы сөзі

Хасан Қасымбаев бұл іс тек жәбірленушінің сөзіне негізделгенін айтты. Оның пікірінше, тергеу мен сот барысында Қылмыстық-процестік кодекстің көптеген нормасы бұзылған.

"Бұл істі көпшілікті тыныштандыру үшін қолдан жасады. Кінәлі адамды көрсету керек болды, сол рөлге мені таңдады. Кінәмді дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ. Барлығы тек жәбірленуші Әлімовтің сөзіне негізделген, ол есірткіге тәуелді және бұрын сотталған", — деді Қасымбаев.

Сондай-ақ, ол өзін Шерзат Болат ісі төңірегіндегі резонанс пен "Әлімовтың жалған айғақтары" үшін соттап жатқанын айтты.

"Мені Шерзат Болат ісі төңірегіндегі резонанс үшін, қоғамды тыныштандыру мақсатында соттап жатыр. Тағы бір себебі — Әлімовтың жалған сөздері. Ешқандай дәлел жоқ. Мен Құдай мен заң алдында тазамын. Үйде мені отбасым мен балаларым күтіп отыр. Соттан әділ шешім шығарып, мені қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтауын сұраймын", — деді ол.

Хасан Қасымбаевтың айтуынша, жәбірленуші Әлімов оны "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы деп жалған ақпарат таратқан.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget