Құжат Қазақстандағы әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.
Үкіметте 2026-2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы қаралды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Құжатты Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқықтары жөніндегі уәкілмен, Парламент депутаттары және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп әзірлеген. Ол Қазақстандағы балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған қолданыстағы және жоспарланған барлық шараны біріктіруге бағытталған, өскелең ұрпақтың мүддесі үшін жүйелі, тұрақты әрі дәйекті саясат құрудағы маңызды қадам болмақ.
"Жұмыс барысында мемлекеттік органдар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты бағдарламалық, нормативтік және стратегиялық құжаттарға ревизия жүргізді. Бұл қайталанатын ережелерді анықтауға және интеграция мен жетілдіруді қажет ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік берді", – делінген хабарламада.
"Қазақстан балалары" бағдарламасы Қазақстандағы әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі қорғауды қамтамасыз ететін тұрақты мемлекеттік саясаттың негізіне айналуы тиіс екені атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, бағдарламаны пысықтау бойынша бірқатар тапсырма берілді.
Оқи отырыңыз:
Балалардың көзі нашарлап, өздері неге бүкірейіп барады және оған цифрлық технологиялардың қатысы қандай
БҰҰ Балалар қоры жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғауға бизнесті тартады