Павлодардағы әуежайды жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажеттігі де айтылды.


Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлердің әкімдіктеріне Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалық әуежайларын биыл уақтылы пайдалануға беруді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдіктері белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалық әуежайларын биыл уақтылы пайдалануға берсін, сондай-ақ Павлодардағы әуежайды жаңғырту жұмыстарын аяқтасын. Жалпы алғанда, Көлік министрлігі әуе компанияларымен және әуежай қызметтерімен бірлесіп, өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына сапалы, жайлы әрі жедел қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізуі қажет. Үйлестіру Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевта", – деді Премьер-министр.

Бұдан бөлек Еуропадағы EASA және АҚШ-тағы FAA сияқты әлемдік реттеушілер коммерциялық аэро-такси аппараттарын сертификаттау қағидаларын әзірлеп қойды.

"Біз де аэро-такси, дрондар мен басқа да ұшу аппараттарының жаңа түрлерін іске қосуға дайын болуымыз керек. Көлік министрлігі биылғы маусым айының соңына дейін қалалық әуе ұтқырлығы (UAM) мәселелері бойынша қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдауды қамтамасыз етсін", – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Айта кету керек, бұған дейін жыл соңына дейін Астанадан Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстер ашылатынын жазғанбыз.