Бұл туралы "QazaqGaz" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов "Самұрық-Қазына" қоры қоғамдық кеңесінің отырысында мәлім етті.
Ресейлік "Газпром" ЖАҚ пен Қазақстан арасында Қарашығанақ газын Орынбор зауытында өңдеу бағасын көтеріп, мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісім жасалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Шынымен де 8 қазан күні "Газпром" жария акционерлік қоғамы мен Қазақстан Республикасы арасында міндеттер жүктейтін келісімдерге қол қойылды. Қарашығанақтан алынған газды алдағы 25 жыл бойы Орынбор зауытында өңдеу мәселесі осы келісім аясында пысықталған. Орынбордан өңдеп әкелетін тауарлық газ халықтың үштен бір бөлігін көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Бұл 7,3-7,5 млрд текше метр газ деген сөз", – деді ол энергетика сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың сұрағына жауап бере отырып.
Әлібек Жамауов қыркүйектің басында "Газпромның" Орынбордағы зауытында болғанын айтады.
"Шын мәнінде ол зауыт өте ескі. Қолданысқа берілгеніне 54 жыл болған. Әне-міне шағылайын деп тұр. Осыған байланысты "Газпром" бізге газ өңдеу бағасын қайта қарауды ұсынды. Соның есебінен зауытты 5-6 жылдың ішінде жаңғыртпақшы. Соның арқасында алдағы 25 жыл бойы Қарашығанақ газын өңдеуге қабылдап отыруға болады деп отыр. Біз соған көндік", – деді QazaqGaz басшысы.
Бұл шешімді ол Қазақстанның өзінде газ өңдейтін қуат жоқтығымен байланыстырды.
"Иә, өңдеу ақысы біраз артады. Бірақ өзіміздің басқа жобалармен салыстырғанда Орынбор ұсынып отырған баға анағұрлым қонымды. Мысалы, Жаңаөзенде салынатын зауыт қазірдің өзінде бір текше метр газ өңдеуге 85 доллар сұрап отыр. Ал Орынбор зауыты ұсынған бағаны бірден енгізбейміз. Алдағы 25 жылға "жұмсақтап" бөліп тастадық. Иә, бұл келісім QazaqGaz үшін тауарлық газдың өзіндік құнына әсер етеді. Бірақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Шикі газ бағасы өзгеріссіз қалады", – деді Әлібек Жамауов.