Қытайлар робот өндірісін арттырды. Бұған жасанды интеллектінің қарқынды дамуы мен сұраныстың көбеюі әсер еткен.
Көрші ел биыл қызмет көрсету саласындағы робот санын 10 миллион данадан асырды. Бейжің гума-ноидты роботтарды жаппай өндіріп жатыр. Осы арқылы жұмыс күші тапшылығын жойып, қауіпті өндіріс орындарында еңбек ететін адам санын азайтуды көздеп отыр. Жаңа жылдан бастап, ел үкіметі бұл салаға ерекше мән беріп қаржыландыру көлемін бірнеше есе арттырады. Қазір дүниежүзіндегі роботтардың 55 пайызы Қытайға тиесілі.
Фу Линхуэй, Ұлттық статистика бюросының ресми өкілі:
- Қытайдың робототехника нарығы 12 жыл қатарынан алда келеді. Мәселен, осыдан 10 шақты жыл бұрын жылына 33 мың робот жасалса, қазір оның көлемі он есеге ұлғайды. Осы салада еңбек етіп жүрген қытай ғалымдары 190 мыңнан астам тың жобаны патенттеді. Биыл тек өндіріс саласына арналған робот өндірісі 20,6 пайызға өсті.