Мұндай шешімді алпауыт компанияның акционерлері қабылдады.
Tesla акционерлері Илон Маскқа төленетін рекордтық көлемдегі өтемақы пакетін мақұлдады. Бұл сома 1 трлн долларға жуықтауы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
BBC жазуынша, Tesla акционерлерінің 75%-ы жыл сайынғы жалпы жиналыста бұл бонус көлеміне дауыс беріп, қолдау көрсеткен. Келісімге сәйкес, әлемдегі ең бай адам саналатын Маск алдағы жылдары электромобиль өндіруші компанияның нарықтық құнын айтарлықтай арттырып, бірқатар межеге қол жеткізуі тиіс. Бұл талаптарды орындай алған жағдайда, оған жүздеген миллион Tesla акциясы беріледі.
CNN мәліметінше, ықтимал төлемнің арқасында Илон Маск әлемдегі алғашқы триллионерге айналуы мүмкін. Қазан айының басында оның жеке байлығы 500 млрд доллардан асқан болатын. Қазір Tesla-ның нарықтық капиталы шамамен 1,4 трлн долларға бағаланады. Маск алдағы 10 жыл ішінде бұл көрсеткішті 8,5 трлн долларға жеткізуі керек. Сондай-ақ, 1 миллион Tesla Robotaxi автономды көлігін коммерциялық негізде іске қосуы қажет.
Маск тиісті өтемақы пакетін алған жағдайда Tesla компаниясына жоқ дегенде 7,5 жылын арнауы тиіс. Осылайша ол компаниядағы үлесін 12%-дан 25%-ға дейін арттыра алады.