Ал, оның басшысы саясатқа бой ұрған ба?
Нарық айдынындағы телекомның адуынды толқыны
Қазақстанның телекоммуникация айдынын емін-еркін жайлаған алып та алпауыт кеме – "Қазақтелеком" АҚ-ының құнды қағаздары талай жылдар бойы биржа ойыншыларының құмары болып келді. 2023 жылғы 1 маусымда "Қазақтелекомның" 1 акциясының бағасы 29 850 теңге тұратын. Бүгінде, 2026 жылғы 8 мамырда 42 500 теңгеге дейін жетті.
Алайда нарықтың да өз "еркелігі" бар. Осыдан тура бір жыл бұрын, 2025 жылдың шуақты мамырында компания құны тарихи теңдессіз шыңына өрлеп шығып, бір акциясының бағасы 60 мың теңгенің биігін бағындырған еді. Бірақ бұл табысы баянды болмады. Неге?
Басты бір себебі: төлейтін дивиденд көлемі былтырғы 26 700 теңгеден биыл небәрі 321 теңгеге дейін – құз басынан төмен құлдилаған тастай күрт құлдырады. Бұл шешім инвесторлардың сеніміне селкеу түсіріп, акция құнын 1,4 еседен астамға құлатты.
Сонымен, "Қазақтелеком" операторы 2025 жыл қорытындысында биыл жай акциялар бойынша жалпы сомасы небәрі 3,5 миллиард теңге ғана дивиденд төлейтінін жариялады.
Салыстырсақ, "Қазақтелеком" 2024 жыл қорытындысында былтыр өз акционерлеріне 293 миллиард теңгеден астам дивиденд таратып еді. Яғни, төлем көлемі бір жыл ішінде шамамен 84 есеге азайып кетті. Мұндай мәліметті Қазақстан қор биржасы (KASE) мәлім етті.
Дивидендтер төлеу және 2025 жылғы таза пайданы бекіту туралы шешім бұдан біраз бұрын, 30 сәуірде акционерлердің жалпы жиналысында қабылданды. Енді ғана жария болып отыр. Дивидендтерге телеком-оператордың шоғырландырылған таза пайдасының бар-жоғы 15%-ы жұмсалатыны белгілі болды.
Сонымен бір мезгілде компания Tele2 ұялы операторындағы үлесін сату мәмілесінен түскен ұзақ мерзімді дебиторлық берешекті қайта бағалау сомасын да, тоқтатылған қызметтен түскен пайданы да дивидендтерге бермеуге және компанияның иелігінде қалдыруға ұйғарыпты. Әйтпесе, оларды қосқанда, акция иелері алатын ақша біршама қомақты болатын еді.
Бұған дейін компания басшысы Бағдат Мусин "Қазақтелекомның" өз құрамында болған Tele2 мобильді операторын сатудан тапқан кірісін есепке алмағанда, компанияның 27,6 млрд теңге ғана табыс тапқанын хабарлаған болатын.
Осылайша, 2025 жыл үшін биыл үлестірілетін дивиденд мөлшері бір жай акцияға 321,06 теңгені ғана құрады. Дивидендтерді төлеу Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі арқылы қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылады, яғни, акция иелерінің шотына аударылады.
Әлгінде айтылғандай, 2024 жылы "Қазақтелеком" өз тарихында рекорд орнатып, жалпы сомасы 293,4 миллиард теңге немесе бір акцияға 26,7 мың теңгеден келетін орасан зор дивиденд төлеген еді. Брокерлер бір акцияға мұнша төлейтін компания тіпті дамыған елдерде де көп еместігін жеткізді.
Бір қызығы, ол кезде компанияның шоғырландырылған таза пайдасы небәрі 77,2 млрд теңгені құрады. Сонда 293,4 миллиард тарату үшін қалған ақшаны қайдан тапқан? Мол дивиденд төлеу мақсатында "Қазақтелеком" өткен жылдардан бөлінбей қалған 219,3 млрд теңге таза пайда қорын (751,1 млрд теңгенің 29%-ын) жұмсағаны анықталды.
Бұл ретте Мусиннің командасының ол кезде неге тосыннан осындай жомарттық танытқаны белгісіз. Осы орайда сарапшылар "Қазақтелеком" тарихындағы бұрын-соңды болмаған көлемдегі дивидендке ие болғаннан кейін оның салмақты акционерлерінің бірі өз үлесін сатып жібергенін қаперге салды.
"2026 жылғы 29 сәуірде "Қазақтелекомның" негізгі акционері "Самұрық-Қазына" қоры компаниядағы өз үлесін 80,85%-дан 91,28%-ға дейін күрт арттырды. Бірақ қордың нақты кімнің үлесін сатып алғаны белгісіз, жарияланбады. Осы мәмілеге дейін компанияның тағы бір ірі акционері – 9,96% үлесі бар Telecom Systems Ltd жекеменшік компаниясы болған еді. Telecom Systems Ltd иесі – Нұрлан Артықбаев. Ол 2025 жылғы Қазақстанның 75 ең бай бизнесмені рейтингінде 44-ші орында тұр", – деп назар аудартты Forbes.kz.
Басшыларға 752 миллион теңге сыйақы төленді
Еске сала кетсек, Бағдат Мусин "Қазақтелеком" басшысы қызметіне 2024 жылдың маусым айында Қуанышбек Есекеевтің орнына келді. Оған дейін Мусин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымын атқарғаны мәлім.
Сонымен бірге, "Қазақтелекомның" Бағдат Мусин мен топ-менеджерлеріне қанша сыйақы төлегені анықталды. Компания 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілігін жариялады. Құжаттан компанияның жоғары басшылығына төлеген сыйақы мөлшері белгілі болды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлықты тергеу қоры-бюросы.
Ресми мәліметтерге сәйкес, басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қоса алғанда, негізгі басқарушы персоналға 2025 жылдың қорытындысында төленген төлемдердің жалпы сомасы 752,3 миллион теңгені құрады.
Айта кетерлігі, 2024 жылмен салыстырғанда топ-менеджменттің "тәбеті" сәл-пәл төмендеген: былтыр басшыларға аударылған сыйақы сомасы 906,5 миллион теңгені құрапты. Есепте 752 миллион теңгенің нақты қаншасын Бағдат Мусиннің еншілегені нақтыланбаған.
Бұл жерде компанияның өзі де айтарлықтай өсімге қол жеткізді. "Қазақтелекомның" пайдасы бір жыл ішінде екі есеге жуық артты: 2024 жылғы 77,2 миллиард теңгеден 2025 жылғы 146,9 миллиард теңгеге дейін өскен.
Пайданың өсуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі – "тоқтатылған қызметтен" түскен табыс (доход от прекращенной деятельности), ол 107 миллиард теңгеден асты. Бірақ "Қазақтелекомның" қандай қызметін қысқартқанының жай-жапсары беймәлім қалды.
Дегенмен, шығындар да қомақты. Компания шығыстары мына себептерге байланысты өсті:
- қызметтердің өзіндік құнының қымбаттауы (457,7 миллиард теңгеге дейін);
- қаржылық шығындар (51,3 миллиард теңге);
- шамамен 16,7 миллиард теңгені құраған валюта бағамының айырмасынан болған шығындар.
Бір қызығы, билік дәліздеріндегі тыныштықты осы аптадағы елең еткізер жаңалық бұзды. "Қазақтелеком" басшылығының саясаттың жолына түскені белгілі болды.
Ақпарат құралдары жазғандай, Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы, 46 жастағы Айбек Дәдебайдың есімі мен мансабы алдағы парламенттік сайлау қарсаңында жаңадан құрылған "Әділет" партиясының атымен ұштасты.
7 мамыр күні Арқа төрінде өткен "Әділет" саяси партиясының құрылтай съезінде делегаттардың бірауыздан қолдауымен Айбек Дәдебай жаңа партия төрағасының тұғырына қонды. Соңғы 2 жылда ол Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған еді.
Жаңа саясаткерлердің бұл саяси керуенінің құрамы бұдан да қызықты бола түсті. Съезде "Әділет" партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген құрамы бекітілді. Оған Бағдат Мусин де кірді.
Сарапшылар жаңа партия жаңа Ата заңмен бекітілген жаңа Парламенттің – Құрылтайдың құрамына еніп, ел тағдырын шешер жаңа күшке айналуы ғажап емес деп болжап отыр.