Жезқазған қаласының жастары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысып келеді. Қала көшелерін тазалау, демалыс аймақтарын ретке келтіру, ағаш отырғызу сынды шаралар жастардың күнделікті игі істеріне айналған. Бүгін қаладағы колледж студенттері оқу ордасының аумағында «Таза бейсенбі» экологиялық сенбілігін өткізді.
Болашақ медицина қызметкерлері бұл бастаманы әр азаматтың табиғат алдындағы борышы деп біледі. Акция барысында студенттер оқу орнының айналасын қоқыстан тазартып, ағаш түптерін қопсытып, гүлзарларды ретке келтірді.
Еркеназ Ерланқызы, студент:
- Негізгі мақсатымыз — колледждің айналасынан бастап, еліміздің жерін аялап күтіп ұстау. Яғни біз осы акция арқылы жалпы ел тұрғындарын отансүйгіштікке, елімізді жерімізді аялауға шақырамыз.