Қазақстан авиациясында қазіргі таңда 23 мың маман еңбек етіп жатыр.
Алматы қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық өңірлік бюросының қолдауымен авиациялық кадрларды даярлау және жұмыс күшін жоспарлау жөніндегі өңірлік семинар өтіп жатыр. Бұл кездесу аймақтағы авиациялық білім беру жүйесін жаңғыртуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және жаңа технологиялар дәуірінде сала мамандарын даярлаудың тиімді жолдарын талқылауға арналды.
Форум Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарды. Әуе көлігі саласындағы адами капиталды жетілдіру, жаһандық еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу және кәсіби даярлық сапасын арттыру мәселелері жиынның өзегіне айналды. Семинарға мемлекеттік авиациялық әкімшіліктердің, халықаралық ұйымдардың, жетекші әуе компаниялардың, оқу және ғылыми орталықтардың өкілдері қатысты. Қатысушылар саладағы қазіргі сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерді саралап, авиациялық мамандар даярлауда инновациялық тәсілдерді енгізудің маңызын атап өтті.
Төрт стратегиялық бағыт
Шара аясында ИКАО ұсынған төрт стратегиялық бағыт – кадрлық қажеттілікті болжау мен біліктілікті мониторингтеу, технологиялық өзгерістер жағдайында үздіксіз оқыту мәдениетін қалыптастыру, Next Generation of Aviation Professionals (NGAP) бағдарламасы арқылы жастарды тарту, сондай-ақ оқу орталықтары мен әуе компаниялары арасындағы серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.
Пленарлық отырыстар мен пікірталас алаңдарында сарапшылар авиациялық кадрлардың жаңа буынын қалыптастырудағы халықаралық тәжірибиесін, сондай-ақ Қазақстанның аймақтық авиациялық білім беру орталығы ретіндегі әлеуетін бөлісті. Қатысушылардың пікірінше, осындай кездесулер өңірлік авиация саласының тұрақты дамуына, сонымен қатар елдердің ИКАО стандарттары мен бастамаларын тиімді іске асыруына серпін береді.
Форум жұмысы барысында авиациялық индустриядағы заманауи үрдістер, цифрлық технологиялар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару саласындағы жаңа шешімдер де сөз болды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, семинардың Алматыда өтуі – Қазақстанның халықаралық авиация қауымдастығындағы беделін және өңірлік хаб ретіндегі рөлін тағы да айқындай түсті.
Оқи отырыңыз: "Ғарыш біз ойлағаннан да жақын": Алматы NASA-ның жаһандық хакатонына қосылады
Қазақстанды транзиттік авиациялық хабқа айналдыру
Шара барысында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев сөз сөйлеп, көлік саласының ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі екеніне тоқталды.
"Соңғы жылдары авиация саласында қарқынды өсім байқалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды транзиттік авиациялық хабқа айналдыру және еліміздің транзиттік әлеуетін барынша пайдалану міндетін қойды. Бұл бағытта барлық қажетті жағдай жасалған. Қазір елімізде жаңа әуежайлар салынып, туристік аймақтардағы (Қатонқарағай, Зайсан, Кендерлі) әуежайлар жаңғыртылуда, әуе кемелер паркі де тұрақты түрде жаңаруда. Бүгінде қазақстандық әуе компанияларының иелігінде 100-ден астам заманауи әуе кемесі бар. Ал алдағы бес жылда бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды деген жоспар бар. Азаматтық авиацияның табысты дамуының басты факторы – білікті кадрларды даярлау. Қазіргі таңда кәсіби ұшқыштар, инженерлер, бортсеріктер мен диспетчерлерге деген сұраныс айтарлықтай жоғары. Осы бағытта елімізде авиация мамандарын даярлауда маңызды рөл атқарып отырған Азаматтық авиация академиясы табысты жұмыс жүргізіп келеді", – деді Талғат Ластаев.
Өз кезегінде Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева сөз алып, семинар жұмысына 56 мемлекеттен 200-ден астам сарапшы жиналғанын атап өтті.
"Бүгінде Қазақстанда азаматтық авиация саласында шамамен 23 мың адам еңбек етеді, бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім деңгейі 7 пайызға жоғары. Әуе кемелер паркі жыл сайын орта есеппен 15-20 пайызға ұлғайып отыр. Келесі жылы төрт жаңа өңірлік әуежайдың ашылуы жоспарлануда, бұл өз кезегінде қосымша мамандарды тартуды қажет етеді. Сондықтан жастардың авиациялық мамандықтарға қызығушылығын арттыру аса маңызды. Мұндай халықаралық семинарлар тәжірибе алмасуға, оқу жүйесін жетілдіруге және жаңа буын авиациялық мамандарын даярлауға мүмкіндік береді", – деді Салтанат Томпиева.
Жаңа дәуір: технология мен адами капитал үндестігі
Қазақстан Азаматтық авиация академиясының өкілі, ауыр санатты ұшқышсыз ұшу аппараттарының нұсқаушысы Елдар Киричков өз сөзінде қашықтан басқарылатын авиацияның даму қарқынына назар аударды. Оның айтуынша, соңғы жылдары дрон операцияларының көлемі 74 пайызға артқан, ал нарықтағы өсім 250 пайыздан асқан. Бұл көрсеткіштер авиацияның жаңа дәуірі басталғанын айғақтайды.
"Бұл өзгеріс дәстүрлі, адам еңбегіне тәуелді жеткізу тізбектерінің қаншалықты осал екенін көрсетті. Сарапшылардың болжамы бойынша, жаһандық әуе кемелері нарығы 2030 жылға қарай 30 миллиард доллардан 75 миллиард долларға дейін ұлғаяды. Енді басты мақсат – тек осы өсімге ілесу емес, сонымен қатар дамудың қауіпсіз, жауапты және бейбіт бағытта жүруін қамтамасыз ету", – деді Елдар Киричков.
Маманның айтуынша, жаһандық дрон индустриясы қазіргі таңда 70 миллиард доллардан асып, алдағы бес жылда 160 миллиард долларға жетуі мүмкін. Коммерциялық инспекциялар мен жүктерді дрон арқылы жеткізу күнделікті тәжірибеге айналуда. Алайда салада кадр тапшылығы мен біріздендірілген оқу бағдарламаларының болмауы әлі де өзекті.
"Бүгінде ауыр санатты Airbus операцияларына арналған толық миссиялық сертификатталған тренажерлардың саны әлемде 15-тен аспайды. Сондай-ақ Airbus нұсқаушыларына арналған бірыңғай оқу бағдарламасы жоқ. Бұл – саладағы білікті кадр даярлаудың баяулауына әсер ететін фактор", – деп қосты ол.
Киричков автономды авиация жүйелерін дамытудағы байланыс инфрақұрылымының рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде "Airbus New Year" спутниктік жобасы мен High Altitude Platform Systems жүйелері ауыр әуе кемелері үшін сенімді байланыс арналары мен резервтік инфрақұрылым құруға бағытталған.
"Біз әзірлеп жатқан Autonomous Heavy Airbus және Last Mile UAS Network жобасы ірі логистикалық тораптар арасындағы ауыр тасымалды қамтамасыз етсе, жеңіл дрондар соңғы жеткізу кезеңін атқарады. Қазақстан мен Еуразиялық өңір үшін мұндай технологиялық шешімдер саланың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді", – деді Елдар Киричков.
Оқи отырыңыз: Президент "Адал азамат" бағдарламасын педагог мамандар даярлайтын ЖОО-на енгізуді ұсынды
Қауіпсіздік мәдениеті – авиацияның өзегі
Форумда авиациядағы қауіпсіздік мәдениеті мен ұшу қауіпсіздігін нығайту мәселесі де басты тақырыптардың бірі болды. Бұл бағытта Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering компаниясының ұшу қауіпсіздігі бөлімінің жетекшісі Гүлдана Пасиева тәжірибесін бөлісті.
Ол өз баяндамасында "FOD есептерінен қауіпсіз операцияларға дейін" атты жобаның маңыздылығын атап өтті. Жоба авиациялық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға және оқиғалардан алынған деректерді нақты оқыту тәжірибесіне айналдыруға бағытталған.
"Әрбір ұсақ оқиға – болашақ қауіптің хабаршысы. Біз оны дер кезінде тіркеп, талдау арқылы алдын алу шараларын қабылдай аламыз. Мақсатымыз – ұшу алаңындағы оқиғалар туралы есептерді белсенді оқыту стратегиясының бөлігіне айналдыру", – деді Гүлдана Пасиева.
Компания Digital FOD Finding Report Form атты жаңа сандық платформа енгізіп, қауіпсіздік есептерін жинауды автоматтандырған. Бұл жүйе Safety Cube арқылы талданып, нәтижесінде жаңа оқу бағдарламалары мен алдын алу шаралары әзірленеді.
"Біз айыптаусыз, әділ және оқытуға бағытталған қауіпсіз орта құруға ұмтыламыз. Бұл – ИКАО қауіпсіздік мәдениетінің негізгі қағидаты. Деректер тек талданумен шектелмеуі керек, олар нақты әрекетке, оқытуға және жауапкершілік мәдениетіне айналуы қажет", – деді Гүлдана Пасиева.
Ол компанияда ерікті есеп беру мәдениеті қалыптасқанын, яғни қызметкерлер қауіпсіздікке қатысты байқаған кез келген жайтты ашық түрде хабарлай алатынын айтты. Сонымен қатар, 2026 жылға қарай жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы жүйе жаңартылатынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: 2025 жылы қалай білім грантын жеңіп алуға болады? Маңызды он сұраққа жауап
Жастар және болашақ мамандар
Семинардың маңызды бөлігі жастарға арналды. "Авиацияның болашақ дауыстары" атты арнайы секцияда авиациялық жоғары оқу орындарының студенттері мен жас мамандар өз идеяларын ұсынды.
ИКАО өкілдерінің айтуынша, Next Generation of Aviation Professionals (NGAP) бағдарламасы жастарды салаға тарту арқылы авиацияның тұрақты дамуын қамтамасыз етуді көздейді.
"Болашақ авиация – бұл білім мен ынтымаққа сүйенген сала. Технология өзгеруі мүмкін, бірақ қауіпсіз аспанды қамтамасыз ететін – адам", – деп түйіндеді қатысушылар.
Алматыда өткен бұл семинар Қазақстанның ИКАО халықаралық бастамаларына белсенді қатысушы әрі авиациялық кадрларды даярлау саласындағы өңірлік құзырет орталығы ретіндегі рөлін тағы да дәлелдеді.
Қорытындысында қатысушылар авиацияның болашағы тек технологиялық серпінде емес, ең алдымен адами капитал мен қауіпсіздік мәдениетінің сапасына байланысты екенін атап өтті.
"Соңғы жылдары авиация саласында қарқынды өсім байқалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды транзиттік авиациялық хабқа айналдыру және еліміздің транзиттік әлеуетін барынша пайдалану міндетін қойды. Бұл бағытта барлық қажетті жағдай жасалған. Қазір елімізде жаңа әуежайлар салынып, туристік аймақтардағы (Қатонқарағай, Зайсан, Кендерлі) әуежайлар жаңғыртылуда, әуе кемелер паркі де тұрақты түрде жаңаруда. Бүгінде қазақстандық әуе компанияларының иелігінде 100-ден астам заманауи әуе кемесі бар. Ал алдағы бес жылда бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды деген жоспар бар. Азаматтық авиацияның табысты дамуының басты факторы – білікті кадрларды даярлау. Қазіргі таңда кәсіби ұшқыштар, инженерлер, бортсеріктер мен диспетчерлерге деген сұраныс айтарлықтай жоғары. Осы бағытта елімізде авиация мамандарын даярлауда маңызды рөл атқарып отырған Азаматтық авиация академиясы табысты жұмыс жүргізіп келеді", – деді Талғат Ластаев.
"Бүгінде Қазақстанда азаматтық авиация саласында шамамен 23 мың адам еңбек етеді, бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім деңгейі 7 пайызға жоғары. Әуе кемелер паркі жыл сайын орта есеппен 15-20 пайызға ұлғайып отыр. Келесі жылы төрт жаңа өңірлік әуежайдың ашылуы жоспарлануда, бұл өз кезегінде қосымша мамандарды тартуды қажет етеді. Сондықтан жастардың авиациялық мамандықтарға қызығушылығын арттыру аса маңызды. Мұндай халықаралық семинарлар тәжірибе алмасуға, оқу жүйесін жетілдіруге және жаңа буын авиациялық мамандарын даярлауға мүмкіндік береді", – деді Салтанат Томпиева.