Былтыр отандық авиакомпаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады.
Қазақстандық авиакомпаниялардың жолаушылар ағыны төрт айда 4 млн адамнан асты. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство басшысы авиация саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
"2025 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады. Осы жылдың алғашқы 4 айында жолаушылар саны 4 млн-нан асты. 2025 жылы аэропорттар 32 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Сондай-ақ 173 мың тонна жүк өңделді. Биылғы 4 айда жүк көлемі азайды. Ал жолаушылар саны өзгеріссіз қалды. Бұған Таяу Шығыстағы жағдай әсер етті", – деді Көлік министрі.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, қазір азаматтық авиация саласының дамуына қажетті негізгі институционалдық база толықтай қалыптасқан.
"Қазақстан ИКАО талаптарына жоғары деңгейде сәйкес келеді. Аэропорт қауіпсіздігі 95,7%, авиакомпаниялардың қауіпсіздік деңгейі 82% құрайды. Осы нәтижелердің арқасында еліміз авиациялық қауіпсіздік бойынша әлемдегі ең үздік 20 мемлекеттің қатарына кірді. Қауіпсіздікті одан әрі арттыру мақсатында Әуе апаттарын тергеу орталығы құрылды. Авиациялық әкімшілікке халықаралық деңгейдегі сарапшылар тартылды", – деді министр.