Елордада Astana Media Week басталды.
Жасанды интеллект журналистерді алмастыра алмайды. Бұл туралы "MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС бас директоры Қанат Сахариянов Astana Media Week-тегі жасанды интеллект тақырыбына арналған сессияда айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сала өзін-өзі реттеу немесе өзін-өзі реттейтін ұйым арқылы жасанды интеллектке қатысты қандай да бір шектеулер мен ережелерді бекіте ала ма деген сұрақ көтерілді. Меніңше, жоқ. Себебі қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Ұлттық медиа қауымдастықты есептемегенде, Тәуелсіздік алғалы бері медиа саласында қалыпты түрде жұмыс істейтін бірде-бір өзін-өзі реттейтін ұйым құрылмады. Ұлттық медиа қауымдастық қаржы ағыны мен телеарналар арасындағы рейтингтерді бөлу мәселесін реттеумен айналысады ", – деді "MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС бас директоры.
Қанат Сахариянов медиа қауымдастықтың құрылымы сан алуан екенін айтып, оны бірнеше бағытқа бөліп көрсетті.
"Біріншісі – теледидар, радио, газет пен сайттар. Екіншіден, біздің қоғамның контентті қабылдауы тілдік тұрғыдан ерекшеленеді. Үшінші бағыт – мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ. Төртіншісі – өңірлік және республикалық БАҚ. Олардың қажеттіліктері, басымдықтары мен мақсаттары әртүрлі. Мәселен, қазір біз республика деңгейінде жасанды интеллект тақырыбын талқылап жатсақ, өңірлер үшін бұл мәселе өзекті болмауы мүмкін. Себебі олар кейде жалақы төлеу мәселесінде қиындықтарға кезігіп жатады. Олар мемлекеттік субсидиямен күн көреді. Әрине, біздің талқылап отырған тақырыбымыз трендке сай келеді, заманауи дегендей. Шынын айтқанда, біз осы трендті құрушы емеспіз, тек соның ізбасарымыз. Себебі бұл бағыттың жаһандық деңгейдегі генераторына айналған санаулы халықаралық компаниялар бар", – деп түсіндірді ол.
ATAMEKEN BUSINESS компаниясы жасанды интеллектпен 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қанат Сахариянов I-Sanj атты цифрлық жүргізуші жасанды интеллекттің прототипі екенін айтты.
Модератор "Егер де жұмыста ЖИ пайдаланатын болсаңыздар, арнайы белгі қойылу керек пе?" деп сұрады. Медиахолдинг басшысы бұл талап уақыт өте келе енгізілуі мүмкін деген сенім білдірді.
"Президент өз Жолдауында цифрландыру мәселесін басым бағыт ретінде айқындағаны белгілі. Мысалы, суперкомпьютерлерді алайық. Нейрожелілер мен жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған қажетті техникалық база кез келген елдің іргетасы болып саналады. Президент Қазақстанда ЖИ бойынша халықаралық кеңес құру идеясын да көтерген болатын. Меніңше, салада цифрландырудың табысты дамуы үшін үш нәрсе қажет. Біріншісі – технология. Екіншісі – қазақ тіліндегі деректер базасы. Үшіншісі – кадрлық құрам. Мемлекет, медиа қауымдастық және билік өкілдері журналистер мен редакторларға, әсіресе қазақтілді мамандарға ден қоюы қажет. Бұл өте маңызды. Осы тұста құзырлы министрліктің бұл бағытта үлкен жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн", – деді Қанат Сахариянов.
Айтуынша, қазақ тіліндегі контент неғұрлым көп болса, соғұрлым елдің ақпараттық тәуелсіздігі беки түседі. Осы тұста ATAMEKEN BUSINESS басшысы медиаиндустрияны дамыту мәселесі қаржыландыруға келіп тірелетінін де баса айтты. Ол Қазақстандағы журналистердің қаржылық тұрақтылығы үшін жағдай жасалуы қажет екеніне назар аударды.
Бұл ретте Қанат Сахариянов жасанды интеллект журналистерді алмастыра алмайды деген пікірде.
"Өйткені журналистерді олардың бойындағы ең басты адами қасиеттері – әділеттілік сезімі мен кәсіби сыни ойлау қабілеті ерекшелейді. Бұл қасиеттер ЖИ-де жоқ және болуы да екіталай", – деді "MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС бас директоры.