Астанада торт ісі бойынша сот үкімі шықты. Кондитер блогерді толық ақы төлемегені үшін сотқа беріп, сонымен қатар өзін қорлағаны үшін өтемақы талап еткен еді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сот шешімімен кондитердің талабы ішінара қанағаттандырылды. Судья блогерден торт үшін 200 мың теңге қарызды өндіріп алуға шешім шығарды.

Ал ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін өтемақы сомасы 3 миллион теңге емес, 100 мың теңге болып белгіленді. Сондай-ақ блогер кондитерге айтқан қорлаулары үшін әлеуметтік желілерде ресми түрде теріске шығару жариялауға міндеттелді.

"Тапсырысты қабылдау кезінде тараптар баға туралы нақты келісімге келмеген. Хат алмасуларға сәйкес, тортты тапсырар алдында талапкер бағасын нақтыламаған. Бірінші күні-ақ жауапкер төрт қабатты торт қанша тұрады деп сұраған, бірақ оған жауап берілмеген. Талап арызбен бірге талапкер чектер мен түбіртектерді қоса ұсынып, жұмыс құны 440 мың теңге екенін, қалған ақшаны өз қалтасынан жұмсағанын көрсеткен. Алайда сот бұл құжаттарды қабылдамады, себебі жұмыстың нақты өзіндік құнын анықтау мүмкін болмады. Құжаттарда толық дерек жоқ, ал чектер кейін берілген", – деді судья.