Ақпаратты Ақ үй растап отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен Оңтүстік Кореяда кездеседі. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Каролин Левитт айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бейсенбі күні таңертең жергілікті уақыт бойынша президент Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты кездесуге қатысады", – деді Левитт Ақ үйде өткен брифингте.

Осылайша Трамптың Азияға жасаған сапары Қытай көшбасшысымен кездесу қорытындыламақ. Бұл сапар барысында Ақ үй басшысы Малайзия, Жапония және Оңтүстік Кореяға барып, АСЕАН саммитіне қатысады.

Қос тарап 30 қазанда кездесетіні белгілі болды.

"Меніңше, бәрі өте жақсы аяқталады, барлығы риза болады", – деді Трамп.

АҚШ президенті Қытай басшысымен ең әуелі фентанил мәселесі бойынша сөйлесетінін айтты. Вашингтон Бейжіңді фентанил өндіруге қажетті химиялық заттардың ағынын тоқтата алмай отыр деп айыптап келеді. Фентанил АҚШ-тағы синтетикалық есірткіге тәуелділіктің негізгі себебі болып отыр. Өз кезегінде Қытай АҚШ-ты фентанил тақырыбын қысым құралы ретінде пайдаланып отыр деп санайды. Олар бұл мәселе екі ел арасындағы сауда соғысында АҚШ-тың тарифтерді көтеруіне негіз ретінде пайдаланылғанын жеткізді.