Бұған дейін Трамп туған күніне орай UFC жұлдыздары төбелесетінін және ондағы билеттер бағасын жазған едік.


Бұл іс-шара бір жағынан Америка тәуелсіздігінің 250 жылдығы аясында өтпек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Ақ үй алдындағы оңтүстік көгалда UFC аренасының құрылысы салынып жатыр.

UFC Freedom 250 аталған іс-шараны 14 маусым күні АҚШ көшбасшысы Дональд Трамптың 80 жылдық мерейтойына қарсы өтеді деп жоспарлаған. UFC аталған жобаға шамамен 60 миллион доллар жұмсауды көздеген.

Сәуірде ғана Трамп БАҚ өкілдеріне рингте 4500 жанкүйерге орын болатынын айтты. Мұнан бөлек, 100 мыңға жуық адам жекпе-жекті Ақ үйдің оңтүстігінде орналасқан Эллипсте орнатылған "үлкен экрандарда" көре алады.

– Мен көптеген ірі іс-шараға қатыстым. Бірақ, ешқайсысы Ақ үйдің алдында өткен UFC жекпе-жегі сияқты қызығушылық тудырған жоқ, – деген Трамп Сопақ кеңседе эмоциясын жасыра алмай.

Турнир аясында 6 жекпе-жек өтеді деп жоспарланып отыр. Негізгі чемпиондық титул үшін екі жекпе-жек ұйымдастырылады. Бразилиялық Алекс Перейра UFC-дің ауыр салмақтағы уақытша титулы үшін француз Сирил Ганмен, грузин Илья Топурия жеңіл салмақтағы қазіргі уақытша чемпион Джастин Гейтджимен кездеседі.

Жаза кеткен жөн, Ақ үй бұрын спорттық іс-шаралар мен ойын-сауық жарыстар өткізген. Десе де, UFC шоуы – оның аумағында өтетін алғашқы кәсіби спорттық іс-шара.

Дональд Трамп UFC басшысын жақын досы деп санайды және осы спорт түрінің жанкүйерлерін өзінің саяси электоратының қатарына қосады.