Абай облысында 19 сәуір мен 19 маусым аралығында жүзеге асып жатқан «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы қорытындылары жария етілді. Бұл туралы Абай облыстық Полиция департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шараның басты мақсаты — жол-көлік оқиғалары мен өлім-жітім көрсеткішін азайту, сондай-ақ әрбір азаматтың — жаяу жүргінші, жүргізуші немесе жолаушы ретінде өзін қауіпсіз сезінетіндей орта қалыптастыру.
Брифинг барысында Абай облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әсет Өтепов іс-шара аясында жүргізілген жұмыстармен таныстырды.
Іс-шара басталғалы бері жол қозғалысы қауіпсіздігі бағытында 7600 құқықбұзушылық анықталды. Олардың 21 пайызы – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жағдайлары. Атап айтқанда, мас күйінде көлік басқару, жалған мемлекеттік нөмірлермен жүру, жүргізу куәлігінен айырылған немесе жүргізу құқығы жоқ адамдардың көлік тізгіндеуі, бағдаршамның қызыл түсіне өту сынды оқиғалар тіркелді, – деді полиция полковнигі.
Заң талаптарын бұзған жүргізушілердің көліктері айып тұрағына қойылды. Қазіргі уақытта олардың саны 285-ке жеткен.
Жол қозғалысына қатысушы ең әлсіз топ – балалар. Сондықтан олардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілуде. Брифинг барысында Әсет Өтепов бұл бағытта қолға алынған жұмыстарға жеке тоқталды.
Полиция қызметкерлері облыстағы 303 білім беру мекемесінде жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру сабақтарын өткізді. Сонымен қатар 21 мамыр күні жас жол инспекторлары арасында облыстық байқау ұйымдастырылып, оған 12 команда қатысты, – деді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы.
Апаттың алдын алу тек тәртіппен емес, инфрақұрылым сапасымен де тығыз байланысты. Осыған орай, биылдың өзінде полиция қызметкерлері облыс аумағындағы 9000-нан астам автожол мен көше желісін тексеріп шыққан. Анықталған кемшіліктер бойынша жол және коммуналдық мекемелерге 990 нұсқама жолданып, 90 жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Абай облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бақытбек Сыдықбаевтың айтуынша, «Қауіпсіз жол» шарасы аясында жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарқын алған.
Бүгінде облыс жолдарының ұзындығы 10 555 шақырымды құрайды. Бұл – республикалық, облыстық және халықаралық маңызы бар бағыттар. Әкімшілік полиция тарапынан 346 тексеру жүргізіліп, 355 ұйғарым берілді. Жолдарды күтіп ұстау талаптарын сақтамағаны үшін 95 жол иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді полиция подполковнигі.
Бұл жұмыстар өңірдегі апаттық учаскелер мен жарақат деңгейін төмендетуге, жол белгілері мен таңбалардың жай-күйін жақсартуға бағытталған.
Заманауи технологияларсыз жол қауіпсіздігін арттыру мүмкін емес. Осы мақсатта облыс аумағында 10 «Ekin Patrol» аппараттық кешені және 2 скрипттік патрульдеу жүйесі орнатылған. Қазіргі уақытта бұл құрылғылар калибрлеуден өтіп жатыр. Жақын күндері олар қала ішіндегі және облысаралық жолдарда қолданысқа енгізілмек.
Баспасөз жиынын қорытындылай келе, полиция полковнигі Әсет Өтепов барлық жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Автокөлік — жоғары қауіп көзі. Жол ережелерін сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Себебі әр апат – орны толмас трагедия. Ал оның салдарын кейін жою мүмкін емес, – деді ол.
«Қауіпсіз жол» іс-шарасы – полицияның ғана емес, қоғамның да ортақ міндетін көздейтін ауқымды бастама. Абай облысында бұл бағытта жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізіліп жатқаны байқалады. Дегенмен жол үстіндегі тәртіп пен қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарына емес, әрбір азаматтың сана-сезімі мен жауапкершілігіне де байланысты екенін ұмытпаған жөн.