Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кеше Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 турнирінде жеңіске жеткен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік рейтингте үш сатыға көтеріліп, 10-орыннан 7-орынға шықты.

Ал тағы бір қазақстандық спортшы Юлия Путинцева рейтингте 69-орыннан 79-орынға төмендеді.

Жұптық сайыстарда өнер көрсететін Анна Данилина өз позициясын сақтап, 13-орында қалды.

WTA чемпиондық кестесінде Рыбакина бұрынғыша 9-сатыда тұр.

Қараша айында Эр-Риядта өтетін маусым қорытынды турниріне қатысу үшін отандық теннисші үздік сегіздік қатарына енуі қажет. Ол үшін Токиода (Жапония) өтетін WTA 500 турнирінде алдағы екі кездесуінде жеңіске жетсе жеткілікті. Бұл жағдайда Рыбакина 8-орындағы ресейлік Мирра Андрееваны артқа тастайды. Айта кетейік, Андреева осы аптада өтетін жарыстарға қатыспайды.