Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 8-ракеткасы Анна Данилина Рим (Италия) WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады.


Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші америкалық Эйжа Мухаммадпен бірге алғашқы айналымда қытайлықтар Синью Янь – Сюй Ифаньмен тартысты матч өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бірінші партияда Данилина – Мухаммад 6:4 есебімен басым түсті. Алайда екінші сетте қытайлық дуэт есе қайырды – 6:1.

Супер тай-брейкте қытайлықтар 9:6 есебімен алға шыққанымен, төрт матчболды пайдалана алмады. Анна мен Эйжа ақыры жеңісті жұлып алды – 13:11.

Сағат жарымға созылған бәсекеде Данилина – Мухаммад 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қытайлық жұп 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Анна Данилина – Эйжа Мухаммад ширек финалға шығу үшін ресейлік Ирина Хромачева – мексикалық Джулиана Олмоспен таласады.