Пирамидаға барлығы 30 азамат тартылған.
ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "Imrat Group" атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Канаданың, Гонконг пен Ұлыбританияның атынан тіркелген жалған халықаралық инвестициялық компания ретінде жасырынып, алаяқтар азаматтарға күнделікті 0,5%-дан 1,5%-ға дейін "жоғары табыс" уәде еткен.
Қатысу үшін азаматтар арнайы реферальды сілтеме арқылы тіркеліп, криптовалюта әмиянына 20-дан 10 000 АҚШ долларына дейін (USDT баламасында) қаражат аударуы қажет болған.
Алайда шын мәнінде, салымдар тек пирамида ішіндегі қатысушылар арасында қайта бөлініп отырған – төлемдер жаңадан тартылған қаражат есебінен жүргізілген.
Қатысушыларды тарту мақсатында күдіктілер заңды инвестициялық қызмет түрінде көрсету үшін белсенді жарнама жүргізіп, кеңселер жалдап, түрлі презентациялар мен конференциялар ұйымдастырған. Сондай-ақ, Telegram-арна ашып, онда тұрақты түрде жоғары табыс пен инвестициялардың қауіпсіздігін насихаттайтын бейнематериалдар жариялап отырған.
Заңсыз қызмет дер кезінде тоқтатылғанының арқасында пирамидаға барлығы 30 азамат тартылған. Олардың салған қаражаты 89 млн теңгеден асады.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.