Бүгін, 27 мамырда, Өскеменнің "Торпедо" жастар командасының қақпашысы Иван Пылёноктың қазасына байланысты іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не болды?
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 2 тамызында Александров атындағы спорт сарайының дәлізінде болған. Осы жағдайдан кейін тергеу басталып, 2025 жылғы 13 мамырда судья "Торпедо" ойыншысы Андрей Лагуновқа қатысты қылмыстық істі қарауға қабылдап, басты сот талқылауын 27 мамырға белгілеген.
Қаза болған хоккейшінің ата-анасының адвокаты Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында бүгінгі отырыс онлайн форматта өткенін, ал алғашқы ашық сот отырысы 2025 жылғы 4 маусымға белгіленгенін айтты.
Өскеменде 19 жастағы хоккейші қайтыс болды: не белгілі
2024 жылдың 2 тамызы күні "Торпедо" баспасөз қызметі жастар командасының қақпашысы Иван Пылёнок (2005 ж.т.) өзін жайсыз сезінгенін, оған медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылғанын хабарлады. Дегенмен, көрсетілген көмекке қарамастан, ол ауруханада көз жұмған.
Көп ұзамай әлеуметтік желілерде оқиға сәті түсірілген видео тарады. Онда Иван есінен танбас бұрын негізгі құрам ойыншысы, ресейлік шабуылшы Андрей Лагуновпен жанжалға түскені байқалады. Марқұмның ата-анасы ұлын соққыға жыққан Лагуновты өлімге кінәлі деп санайды.
Сот қаулысына сәйкес, Андрей Лагуновқа ҚР ҚК 389-бабы 4-бөлігі — "Ауыр зардаптарға әкелген өз бетінше билік ету" бойынша күдікті ретінде айып тағылған. Бұл бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Иван Пылёноктың ата-анасы Лагуновқа бұлтартпау шарасын қатаңдатуды сұраған. Қазіргі таңда оған елден шығуға тыйым салынған. Алайда соған қарамастан, Лагунов Pro Hokei Ligasy-ның барлық ойындарына, соның ішінде Ташкенттегі "Хумо" командасына қарсы сырт алаңдағы матчтарға қатысқан.
Клубтың реакциясы
2025 жылдың сәуірінде Өскеменге барып, қазақстандық хоккейдің тарихи орталығына айналған қалада хоккейдің қайта жандануына арналған арнайы репортаж түсірген. Түсірілім барысында 19 жастағы қақпашының өліміне қатысты "Казцинк" ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев пікір білдірді.
"Ата-ананың пікірі бар, екінші тараптың да пікірі бар. Біз бұл жағдайда бейтарап ұстанымдамыз. Компания да, клуб та ешқандай шешім шықпайынша, ресми ұстаным білдіре алмайды. Команда тұрғысынан алсақ, әрине, бұл – жастар командасы үшін де, ересектер үшін де үлкен соққы болды. Себебі бұл бала болашағынан зор үміт күттіретін, командада қалуға бар күшін салған спортшы еді. Бірақ өкінішке қарай, бәрі осылай аяқталды", – деді Лазарев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!