Қазақстандық спорт қайраткері Тимур Тұрсымбаев Азия дзюдо одағының (JUA) маркетинг және даму жөніндегі директоры болып бекітілді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды облысының дзюдо федерациясының президенті және еліміздегі кәсіби "JENYS" дзюдо клубының бас директоры Тимур Тұрсымбаевтың жаңа қызметке кіріскенін JUA президенті Обайд З. Аль-Анзи мәлімдеді.
Тағайындау барысында Қазақстан өкілінің жоғары кәсібилігін және өңірдегі серіктестік, демеушілік пен дзюдоны ілгерілету бағытындағы әлеуеті ескерілген.
"Бұл – мен үшін үлкен құрмет әрі Қазақстанды жаңа деңгейде таныстыруға берілген мүмкіндік деп білемін. Бұл рөлді еліміздің спорты мен халықаралық байланыстарын дамыту үшін пайдалануға ниеттімін", — деді Тимур Тұрсымбаев.
Тимур Тұрсымбаевтың Азия дзюдо одағы басшылығының құрамына қосылуын "JENYS" дзюдо клубы өкілдері
"Қазақстанның осы саладағы көшбасшылығын мойындау әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, халықаралық турнирлер өткізу, білім беру және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі Орталық Азияда арта түседі" деп бағалады.
Айта кететін жайт, 2023 жылдың желтоқсан айында қазақстандық кәсіпкер Алмаз Алсенов Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) президентінің кеңесшісі болып тағайындалған болатын. Азия дзюдо одағы 1956 жылы Жапонияда құрылған. Оның алғашқы президенті дзюдоның негізін қалаушы Кано Дзигороның ұлы Рисей Кано болды. Аталған одақ 1966 жылы алғаш рет Филиппин астанасы Манилада Азия чемпионатын ұйымдастырды. Бүгінде ұйымның штаб-пәтері Кувейтте орналасқан және оған 39 елдің дзюдо федерациясы мүшелікке енген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!