Кәмелетке толмаған жәбірленушінің мүддесін сақтау мақсатында сот отырысы жабық түрде өтті.

Жетісу облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өзінің кәмелетке толмаған қызына зорлық-зомбылық жасаған әкеге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жантүршігерлік қылмыс биыл жазда әшкере болды. Мұны жәбірленушінің анасы көріп қалған. Содан соң қызы анасына бар шындықты жайып салған.

Ол әкесінен 7 жылдан бері қорлық көргенін жеткізген. 39 жастағы ер адамның тұңғышына сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет жасағаны сотта дәлелденді.

"Күдіктіні Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Химиялық кастрация жасауға үкім етілсін. Орта білімді ер адам – жұмыссыз, 4 баланың әкесі. Оған енді өмір бойына педагогикалық салада жұмыс істеуге тыйым салынсын", – деп үкім етті Жетісу облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Бақыт Ермаханов.