Биыл елімізде өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы кезінде алынған мәліметтердің құпиялылығы толықтай сақталады.

Бұл туралы ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев ҚР Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" алаңында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің анонимділігіне және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беретінін атап өткім келеді. Сандар респонденттің бастапқы деректерін көрсетпей-ақ, жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді, – деді Мақсат Тұрлыбаев.

Сондай-ақ спикер шаруа қожалықтары деректер базасында өз иелігіндегі мүлік туралы деректі жаңартуға мүмкіндік барын айтты.

– Сауалнама парағын толтыру кезінде респондент (ұйымдасқан шаруашылық) мемлекеттік деректер базасында деректерді жаңарту үшін алынған деректерді ұсынуға келісім бере алады, мысалы, малдың, техниканың, жер учаскесінің болуы және т.б. туралы, – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.

Айта кетейік, биыл елімізде араға 18 жыл салып ауыл шаруашылығы санағы өткелі отыр.

Бұған дейін ауыл шаруашылығы санағына еліміздегі жұмыссыздар тартылатынын жазған болатынбыз. 300 азамат еліміздің 70 қаласында өтетін санақ жұмысына интервьюер ретінде шақырылмақ.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі өкіміне және Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы № 1248 қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында Қазақстан Республикасының ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы шешім қабылданды.

Санақ екі кезеңнен тұрады:

  • 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама өткізіледі. Респонденттер санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады.
  • 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында интервьюерлер онлайн сауалнамаға қатыспаған үй шаруашылықтарына барып, қажетті ақпарат жинайды.

Ауыл шаруашылығы санағының нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының жай-күйінің егжей-тегжейлі және объективті бейнесі алынады, елдің азық-түлік ресурстарын қалыптастырудағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, әрбір санатының рөлі туралы толық деректер алынады.