Шымкент қаласында автоэлектр маманы болуға қызыққан жастар қатары артып келеді. Осыдан бес жыл бұрын бұл кәсіпті игеруді мақсат етіп, оқуға талаптанғандар қатары небәрі 200-дің төңірегінде болса, қазір 2-2,5 есе дейін көбейген. Өйткені автоөндіріс қарқынды дамып, технология күрделенген сайын мұндай шеберлерге сұраныс мол.

Бексұлтан қазір автокөліктерді өз бетінше компьютерлік диагностикадан өткізіп, ақауын анықтай алатын деңгейге жетті. Ауылда, үлкендердің жанында жүріп осы кәсіпке қызыққан ол мектеп жасының өзінде автокөліктің стартері мен генераторларын жөндеп үйренген. Қазір ұстаздарымен бірге қосымша ізденіп, электромобильдердің жабдықталуын да зерделеп жүр.

Бексұлтан Жақсыбек, студент:

Егер мен осы мамандықты жақсы үйреніп шықсам, келешекте жұмыссыз қалмаймын деп ойлаймын. Өйткені жеке кәсібімді ашсам да сұранысқа иемін. Автокөліктің барлық жеріне қызмет көрсете аламын.

Бүгінде жол-көлік колледжінде Бексұлтан секілді 2 мыңға жуық бала темір жол және автокөлік жөндеу мамандығын игеріп жатыр. Жыл сайын білім ұясына мемлекет тарапынан 500 оқу гранты бөлінеді. Одан бөлек студенттердің шәкіртақылары да жоғары. Былтыр колледжге оқуға түсуі үшін 700-ден астам талапкер құжат тапсырған. Ал әскер қатарына алынғандар мен жоғары білім іздегендерді қоспағанда орта арнаулы оқу орны түлектерінің 75-80 пайызы өз мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасып, жақсы табыс тауып жүр.

Берік Ешімов, Жол-көлік колледжі директорының уақытша міндетін атқарушы:

Көптеген детейлинг центрлер бар. Сондай үлкен мекемелер балаларды өздеріне шақырып, студент болып іс-тәжірибеден өтіп жүрген кезінен түске дейін сабақта болса, одан соң сол жерде жұмыс істеп жалақы алып жүрген балалар да бар.

Білім ордасы бүгінгі таңдағы сұранысқа сай жұмысшы мамандарды оқытып шығару үшін Қытаймен келісім жасау үстінде. Алдағы оқу жылынан бастап көрші мемлекеттегі білім ордаларының ұстаздары осында келіп, сабақ береді. Онан соң қазақстандық жастар Қытай еліндегі ірі авто өндірістерде жұмыс істеп, тәжірибе жинап қайтпақ.

Ғани Қалмаханов