Түркияның танымал актёрлері Халит Эргенч пен Рыза Коджаоғлу сотталғаны белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Anadolu агенттігінің хабарлауынша, «Сүлеймен сұлтан», «1001 түн» және «Чукур» телехикаялары арқылы елге танымал болған актёрлер Стамбулда өткен жаппай наразылықтарға қатысты тергеу кезінде жалған мәлімет бергені үшін айыпталған. Сот Халит Эргенчке 1 жыл 10 ай 15 күн, ал Рыза Коджаоғлуға 1 жыл 8 ай түрме жазасын тағайындады. Алайда үкімнің орындалуы кейінге шегерілді, бұл сот шешімі кейбір шарттар орындалған жағдайда өзгеруі мүмкін дегенді білдіреді.

Түрік басылымдарының мәліметінше, іс ірі наразылық акцияларымен байланысты болғанымен, нақты деректер жарияланбаған. Тергеу барысында актёрлер куәгер ретінде жауап берген, бірақ айыптаушы тарап олардың жалған ақпарат ұсынғанын мәлімдеді. Бұл жағдай қоғамда және әлеуметтік желілерде үлкен реакция туғызды. Көптеген жанкүйерлер бұл шешімді асыра сілтеушілік және саяси астары бар әрекет деп бағалап жатыр. Актёрлердің қорғаушылары апелляциялық шағым түсіретіндерін айтып, сот шешімімен келіспейтіндерін жеткізді.