Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Франция президенті Эммануэль Макрон Израильдің Газа секторына толық басып кіру әрекеті неге әкелуі мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Израиль дайындап жатқан әскери операция қос халық үшін де апатқа әкеп соқтырып, бүкіл өңір тұрақты соғыс алаңына айналуы мүмкін", – деп жазды Макрон X парақшасында.
Бұл туралы Франция басшысы Иордания королі Абдалла ІІ және Египет президенті Абдель Фаттах Ас-Сисимен өткізген телефон арқылы әңгімеден кейін мәлімдеген.
Оның айтуынша, үш ел басшылары Газада тұрақты атысты тоқтатып, барлық тұтқынды босату, гуманитарлық көмекті жеткізу және ХАМАС қарудан бас тартқан жағдайда ғана қақтығысты тоқтатуға көмектесетінін айтып, ортақ байламға келген.
Макронның айтуынша, Франция, Египет, Иордания және өзге де серіктестер Газа секторын тұрақтандыру үшін халықаралық миссияны іске асыру қажет екенін атап өткен.
Күні кеше Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац Газа қаласын басып алу жоспарын мақұлдады. Қазірдің өзінде Израиль әскері Газа маңында соғыс қимылдарын бастап та кеткен. ЦАХАЛ елдің әскерилері Газа қаласының шеткі аудандарын бақылауға алғанын мәлімдеді. Олар ХАМАС ұйымына қарсы шабуылдарды одан әрі үдетпек. Израильде ондаған мың резервтегі сарбаз әскерге шақырылып жатыр.