17 тамыз күні басталған әлем біріншілігі 24 тамызға дейін жалғасады.
Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында еркін күрестен Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Халықаралық додада отандық балуандар 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Бұл жетістік – жас спортшылардың қажырлы еңбегінің, жаттықтырушылардың тынымсыз дайындықтарының және ұлттық күрес мектебінің мықтылығының айғағы.
Жарыстың басты қаһарманы – 125 келідегі Едіге Қасымбек. Бұған дейін екі мәрте күміс жүлдемен шектелген жас балуан бұл жолы қарсыластарын ойсырата ұтып, әлем чемпионы атанды.
Камиль Куруглиев 92 келіде күміс жүлде иеленіп, Қазақстан құрамасының қоржынына қомақты үлес қосты. Сондай-ақ, Нұрданат Айтанов (57 келі), Досжан Құлғайып (74 келі) және Самир Дурсунов (97 келі) қола медаль еншіледі.
Айта кетейік, еркін күрес бәсекелері аяқталып, енді әйелдер күресі мен грек-рим күресінен жарыстар жалғасуда. Әлем чемпионатында ерлер ғана емес, әйелдер күресі де қуанышты жаңалық сыйлады. 57 келі салмақта белдескен Анна Стратан шешуші белдесуде қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, қола жүлдегер атанды.