Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан кәсіби лигада өнер көрсетудің артықшылықтарын атады.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол Alypsok ютуб арнасына берген сұхбатында RAF (Real American Freestyle) лигасындағы тәжірибесі туралы айтты.
«RAF медияда өзіңді көрсету жағынан өте жақсы. RAF-пен неге келістік? Біріншіден, ақша жағы. Екіншіден, Америкада үйрену. Үшіншіден, танымалдық жағы. Өздеріңіз білесіздер, Америкаға барған сайын акклиматизация, уақыт айырмашылығы деген нәрсе бар. Қазақтарға үйрену өте қиын. Ақталаймыз, бірақ акклиматизация өзінікін береді екен. Отбасымда қайғылы жағдай болды. Сүйікті атам өмірден өтті. Осы фонда дайындық та екінші орында қалды. Жекпе-жек пен қайғылы жағдайдың арасы жақын болып қалды. Бірақ бұл өзімді ақтау емес. Келесі жекпе-жектерге толық дайын боламыз деп ойлаймын», — дейді ол.
Сондай-ақ, ол спортшы үшін медиа мен жеке брендті дамытудың маңызды екенін де айтты.
«Қазақ жігіттеріне медиа жағын дамыту керек. Әлем Қазақстанды тану үшін, өзімізді көрсету үшін медиа жағынан келісім-шарттарға отырып, лигаларға шығу керек. Біріншіден, сол арқылы жағдайларын жасайды. Екіншіден, осындай спортшылар бар екенін адамдар біледі. Бірақ, еліміздің атынан шығатын жарыстар бірінші орында. Солардан кейін ғана осындай турнирдегі жарыстарға қатысуға болады», — дейді Ризабек айтмұхан.