Енді әкімшілік кодексті бұзғандар да көше сыпырып, қоқыс жинауға тиіс.
Бірінші қыркүйектен бастап жақындарының мазасын алып, көршілеріне күн көрсетпейтін азаматтар қоғамдық жұмыстарға тартылады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Яғни, айыппұл түріндегі жазадан бөлек, көше сыпырып, қоқыс жинауға жұмылдырылады. Осылайша, үкімет тәртіпсіз тұрғындарды қайта тәрбиелеуді көздеп отыр. Бірақ, көпшілік орындарда заң бұзушылық жасап, ережені елемеген ел бұрынғысынша айыппұл төлеп құтылуға да құқылы.
1 қыркүйек күні ұсақ бұзақылық жасаған тұрғындарды қоғамдық жұмыстарға тартуға мүмкіндік беретін түзетулер күшіне енгелі отыр. Яғни, енді әкімшілік кодексті бұзғандар да көше сыпырып, қоқыс жинауға тиіс. Бастысы, бұл өзгерістер халық тарапынан да қолдау тауып жатыр.
Пікірлерінше, қоғамдық жұмыс – жауапкершілікті арттырып, бұзақыны қайта тәрбиелеуге ықпал етеді.
Енді қоғамдық жұмыстарға әкімшілік кодекстің нақты қай бабын бұзғандар тартылатынына тоқталсақ. Біріншіден, 73-бап. Яғни, отбасының мазасын алып, зайыбының ар-намысын таптағандар. Кемі 20 сағат көшені қоқыстан тазартуға міндетті. Егер бұзақылық есепті жыл ішінде қайталанса, жаза еселенеді. 434-бап – ұсақ бұзақылық.
Көпшілік көп жиналатын жерлерде былапыт сөздер айтып, айналасындағы адамдарға тиiсіп, балағаттағаны үшін 20-60 сағат көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Қайталанса, 100 сағатқа дейін ұлғаюы мүмкін. Ал қоғамдық орында қоқыс тастаса, жаза 40, 80 сағатты құрайды. Бұл кодекстің 434-бабы, 2-бөлігі. Сондай-ақ, 440-бап. Демек, алкоголь iшіп, не қоғамдық орындарға масаң күйде келсе, 20 сағаттық жұмыс күтіп тұр деген сөз.