Мұндай мәліметті Ұлттық банктің баспасөз қызметі жариялады.
Жалпы, 2025 жылдың II тоқсанында бизнестің несиеге деген жиынтық сұранысы алдыңғы тоқсандағы деңгейде сақталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының міндетін атқарушы Динара Тазетдинованың сөзінше, ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс төмендегені байқалған. Ол мұның нақты себебін де айта кетті.
– Ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс төмендегені сезілді. Оған басты себеп – ірі кәсіпорындарға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларының шектеулі болуы және нарықтық банктік өнімдерге қарағанда тиімдірек шарттармен тікелей қаржыландыруды ұсынатын мемлекеттік даму институттарының бәсекелестігі. 2025 жылдың II тоқсанында іске қосылған "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдік беру тетігі әзірге бизнес тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудырмады. Бұған кепілдік құнының (қарыз сомасының 2%-ы) және несие ресурстарының жалпы қымбаттығы себеп болды. Ірі бизнес тарапынан берілген несие өтінімдерінің жалпы саны тоқсандық есеппен (т/т) 15%-ға азайып, 200-ге дейін төмендеді, ал өтінімдердің орташа көлемі 12%-ға өсіп, 12,9 млрд теңгені құрады, – деді ол.
Ал орта және шағын бизнес тарапынан сұраныстың өсуі, негізінен, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының іске қосылуымен байланысты болып отыр. Орта бизнес тарапынан берілген несие өтінімдерінің жалпы саны 15%-ға өсіп (т/т), 5,3 мыңды құраған, орташа өтінім соммасы 20%-ға артып, 924 миллион теңгеге жетті.
Шағын бизнес тарапынан несие алуға берілген өтінімдердің жалпы саны 3%-ға өсіп (т/т), 912 мың болған, ал орташа өтінім көлемі 14%-ға азайып, 30,4 млн теңгені құрады.
Шағын бизнес субъектілері бойынша несие өтінімдерінің мақұлдану коэффициенті 33% деңгейінде сақталды, ірі бизнес үшін ол 1 пайыздық тармаққа (п.т.) азайып, 56% болды, орта бизнес үшін 4 пайыздық тармаққа төмендеп, 32%-ға жетті.
– II тоқсанда барлық бөлшек несие өніміне сұраныс артты. Есепті тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныстың өсуіне мемлекеттік ипотекалық несиелеу бағдарламасына өтінім жинау мен құрылысшылар субсидиялайтын серіктестік бағдарламалардың іске қосылуы әсер етті. Ипотекалық қарыздар бойынша жалпы өтінім саны тоқсандық мәнде өзгермей, 242 мыңды құрады, алолардың орташа мөлшері 5%-ға (т/т) өсіп, 17,4 миллион теңгеге жетті.
Кепілмен берілетін тұтынушылық несиелерге де сұраныс артты. Бұл өнімге түскен өтінімдер саны 2%-ға (т/т) өсіп, 52 мыңға жетті, ал орташа өтінім мөлшері 17%-ға (т/т) өсіп, 15 миллион теңгені құрады, – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Ұзақ уақытқа созылған төмендеу үрдісінен кейін, 2025 жылдың II тоқсанында кепілсіз несиелерге сұраныс аздап артқан. Сонымен бірге, жекелеген ірі және орта банктер кепілсіз қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемелерін қатаңдатты, бұл осы сегменттегі сұраныстың өсуін шектеді. Осылайша, бұл сегменттегі жалпы өтінім саны өзгермей, 18,3 млн болды, ал орташа өтінім мөлшері 10%-ға (т/т) өсіп, 1 131 мың теңгені құрады.
– Автонесиеге сұраныс үздіксіз өсіп келеді. Бұл өз кезегінде кейбір банктердің автосалонмен серіктестік бағдарламаларды іске қосуымен, аталған автонесиелерді ішінара субсидиялауымен және жекелеген банктердің осы бағдарламалар бойынша серіктестер тізімін кеңейтуімен түсіндіріледі. Автонесие бойынша өтінімдер саны 16%-ға (т/т) өсіп, 1,6 миллионға жетті, ал орташа өтінім мөлшері 8%-ға (т/т) төмендеп, 7,25 миллион теңгені құрады.
Мақұлдану коэффициенті ипотекалық өнімдер бойынша 5 п.п. (т/т) өсіп 29%-ды, кепілмен берілетін тұтынушылық несиелер бойынша 9 п.т. (т/т) өсіп 45%-ды, кепілсіз қарыз бойынша 1 п.т. (т/т) өсіп 32%-ды және автонесие бойынша 4 п.т. (т/т) өсіп 19%-ды құрады, – делінген ресми тараған ақпаратта.
2025 жылдың III тоқсанында банктер кепілмен берілетін тұтынушылық несие мен автонесиеге сұраныс аздап өседі деп күтеді. Банктердің пікірінше, ипотекалық қарыздар мен кепілсіз тұтынушылық несиеге сұраныс та біршама төмендеуі мүмкін.
2025 жылдың II тоқсанында банктер арасында кредиттеу бойынша жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Сауалнаманы Ұлттық Банк тоқсан сайын несиелік ресурстарға сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалау мақсатында жүргізіп келеді.