Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде.

Ваучерлік қаржыландыру тетігі еліміздің 20 қаласы мен 7 ауданында жүзеге асырылуда. Бұл жоба мектепке дейінгі білім беру саласында қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Бүгінгі күні ваучерлік қаржыландыру жүйесіне 4,7 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қосылды, 500 мыңнан астам бала балабақшадан орын алды. Республикалық маңызы бар қалаларда кезек екі есе қысқарды", — деп хабарлайды Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі бос орындары бар және белгіленген талаптарға сай келетін мектепке дейінгі ұйымдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Ата-аналарға балабақшаны өз қалауынша таңдау мүмкіндігі берілген, бұл жеке және мемлекеттік балабақшалар арасында салауатты бәсекелестікті қалыптастырады.

Жүйе ең алдымен "ақша балаға беріледі" қағидатына негізделген қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі шартты қамтиды. Қаражат тек баланың баруын ата-аналар растағаннан кейін ғана аударылады.

Барлық мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруға көшіру 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.