Қазақстанның барлық өңірінде жылу маусымына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр

Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдед, деп жазды Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.

Жалпы, қысқа дайындық тұрақты жүріп жатыр. Жылу орталықтарының жүйелік операторлармен бірге бекітілетін кестесі бар. Биыл 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбинаны күрделі жөндеуден өткіземіз. Қалған барлық құралдар ағымдағы жөндеуден міндетті түрде 100% өткізіледі. Сондықтан бәрі кесте бойынша жасалып жатыр деуге негіз бар. 5 энергоблок пен 30 қазандық, 18 турбина жөнделуде. Жартысы аяқталды. Жалпы станция жағынан жөндеу жұмыстары толық көлемде жүргізілді, — деп атап өтті вице-министр.

Сонымен қатар, ведомство өкілі жылу желілерінің жағдайына да тоқталды.

Жылу желілеріне келсек, ол жағынан да тиісті кестелер бар. Олар бірақ өңірлік кестелер. Егер станцияларды республикалық деңгейдегі жүйемен қарасақ, жылу желілерін әр өңірде бекітеді. Оны әріптестеріміз бақылау комитетімен бірге жасауда. Біріншіден, тарифтегі бөлініп жатқан қаражат, екіншіден, 2025 жылы 40 млрд-тай қаражат бөлінген. Қосымша күрделі жөндеу кезінде табылған ақауларға байланысты Үкіметтің резервінен де тиісті қаржы бөлінуде. Толық бақылауды басқа мекемелермен бірлесіп, мектептердің, балабақшалардың дайындығын Өнеркәсіп министрлігімен, әкімшіліктермен бірге бақылап отырмыз, — деп түсіндірді Сұңғат Есімханов.

Айтуынша, жылу маусымы қарсаңында өңірлерде нақты атап айтатын проблема жоқтың қасы.

Өңірлерде проблема бар деп айтуға болмайды. Өйткені барлық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе жылу маусымы ертерек басталатын солтүстік өңірлер ерекше бақылауымызда, — деді вице-министр.