Аймақтағы кеніштермен бағаны ұстап тұру және көмірмен қамту саласында тұрақсыздыққа жол бермеу үшін меморандумға қол қойылды.
Бұл туралы өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Агенттікке берген сұхбатында Ержан Иманзайыпов аймақта көмір жеткізуге жауапты 20-дан астам өңірлік оператор бар екенін хабарлаған. Олар облыс халқы мен әлеуметтік объектілерге көмірді жеткізуді, сақтауды және сатуды ұйымдастырады.
Қазіргі уақытта облыста бюджеттік ұйымдар алдағы жылыту маусымына көмір сатып алудың барлық конкурстық рәсімдерін аяқтаған. Бюджеттік мекемелерге жалпы көлемі 240 мың тонна көмір қажет болса, қазіргі уақытта оның 198 мың тоннасы жеткізіліп отыр.
Сондай-ақ сұхбатта көмір бағасын ұстап тұру жайы талқыланған.
– Павлодар облысында көмір өндіретін 6 кеніш бар. Атап айтқанда, "Богатырь-Көмір" ЖШС, "Майкубен-Вест" ЖШС, "Гамма Талдыкөл" ЖШС, "Гамма Сарыкөл" ЖШС, "Ангренсор Энерго" ЖШС, "Шығыс кеніші" ЖШС. Халық негізінен жергілікті кеніштер арасында "Майкөбенің" көмірін алуға асығады. Аталған компанияда бүгінде көмірдің бір тоннасы 8300 теңгеден босатылып жатыр. Ал "Богатыр" кенішінде тоннасы 5611,2 теңге тұрады. Баға былтырғы деңгейде сақталып тұр. Аталған кеніштермен бағаны ұстап тұру және көмірмен қамту саласында тұрақсыздыққа жол бермеуді көздейтін ынтымақтастық меморандумына қол қойылған, – деп мәлімдеді Ержан Иманзайыпов.
Былтыр облыстағы әлеуметтік сала объектілерін және халықты отынмен қамтамасыз ету үшін 585 мың тонна көмір жеткізілген. Биылғы сұраныс та сол көлемде болады деп болжанып отыр.