Әлемдік нарықта мұнай бағасы қатарынан төртінші сауда сессиясында арзандап келеді. Халықаралық биржалардың мәліметінше, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 67,64 долларға дейін, ал WTI – 65,16 долларға дейін төмендеді (ICE, CME Group).
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бағаның төмендеу себептері
– Мұнай бағасының түсуі бірнеше фактордың жиынтығымен байланысты. Қытай экономикасында баяулау жалғасуда. PMI индексі қайтадан 50-ден төмен, бұл өндірістік белсенділіктің төмендегенін көрсетеді. Сауда соғыстары да экономика мен мұнай тұтынуына кері әсерін тигізуде. АҚШ-та мұнай өндіру көлемі рекордтық деңгейде – тәулігіне 13,3 млн баррель. Сонымен қатар Иран, Гайана мен Бразилиядан экспорт көлемі артып отыр, бұл өз кезегінде ұсыныстың артық болуына алып келуде. Бұған қоса, ОПЕК+ ұйымының өндіру көлемін арттыру туралы шешімі де әсер етіп жатыр, – деді сарапшы.
Баға тұрақтала ма?
Асқар Исмаиловтың айтуынша, егер геосаяси күйзелістер орын алмаса, мұнай нарығы ұзақмерзімді төмен баға кезеңіне өтуі мүмкін.
– Қыркүйекте Трамптың Путинге қойған ультиматумы аяқталады. АҚШ-тың реакциясы Азиядағы сұранысқа және ОПЕК+ ұйымының нарықты тұрақтандыру қабілетіне деген сенімге әсер етуі ықтимал. Мұндай жағдайда мұнай бағасы 70 доллардан төмен деңгейде сақталуы мүмкін, – деді ол.
Қазақстан бюджетіндегі салдары
– 2025 жылғы республикалық бюджетте мұнай бағасы 80 доллар деңгейінде белгіленген. Қазіргі Brent котировкасы бұл межеден төмен, ал Қазақстанның негізгі экспорттық маркасы – CPC Blend 4–6 доллар дисконтымен саудаланып жатыр. Егер баға 70 доллардан төмен болса, Ұлттық қорға және бюджетке түсетін түсімдердің азаю қаупі туындайды, әсіресе экспорт көлемі қысқарған жағдайда, – деп түсіндірді сарапшы.
Қазақстан мен ОПЕК+ не істей алады?
– ОПЕК+ ұйымы мұнай өндірісін ерікті түрде қысқарту шараларын 2025 жылдың соңына дейін ұзартуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда, мұндай шешімдердің әсері әлсіреп келеді. Нарық мүшелер арасындағы квота бойынша келіспеушіліктерді және картельден тыс елдердің өндірісін арттыру мүмкіндігін ескеріп отыр. ОПЕК-тің деректері бойынша, Қазақстан белгіленген квоталарды жүйелі түрде асыра орындап келеді. Елдің нарыққа әсер ету мүмкіндігі шектеулі. Альтернативті экспорттық бағыттарды дамыту мәселесі талқылануда, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ, – деді Асқар Исмаилов.
Қазақстан қанша уақытқа дейін төтеп бере алады?
– Қысқа мерзімде – иә. 2025 жылғы шілде айындағы мәлімет бойынша, Ұлттық қорда шамамен 61 млрд доллар жинақталған. Алайда, мұнай бағасы ұзақ уақыт төмен деңгейде сақталса, бюджет тапшылығының артуы, теңгеге қысым және инвестиция көлемінің азаюы мүмкін. Біз мұндай жағдайды 2015–2016 жылдары 40–50 доллар деңгейіндегі баға кезінде көрдік, жобалар қысқарып, девальвация орын алған, – деп еске салды сарапшы.
Теңге мен инвестицияға ықпалы
– Теңге бағамы мұнай бағасына дәстүрлі түрде тәуелді. 2025 жылдың маусым–шілде айларында Brent бағасы 86 доллардан 77 долларға дейін төмендегенде, теңге 1 доллар үшін 444-тен 453-ке дейін әлсіреді. Егер баға 65 долларға дейін түссе, теңге бағамы 470-тен асып кетуі мүмкін. Инвестиция көлемі де азаяды. Бірақ мұны тек мұнаймен байланыстыруға болмайды. Қазақстанда электр энергиясы, газ, теміржол тасымалдары тарифтері өсіп жатыр. Бұл жобалардың рентабельдігіне және жалпы инвестициялық ахуалға кері әсер етеді, – деді Исмаилов.