Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты әлемдік мұнай бағасы 5% күрт қымбаттады. Лондондағы ICE Futures биржасындағы саудада Brent маркалы мұнайдың құны барреліне 76 долларға дейін жетті. Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы қара алтын құны 20% пайызға өсті. Қазір Ормуз бұғазының жабылуы туралы қауіп бар. Өйткені бұл жаһандық мұнай тасымалының 20%-ін бұғаттауы мүмкін. Сарапшылар күніне осы бағыт арқылы 20 млн баррель қара алтын тасымалданатынын айтады. Мамандар Ормуз бұғазы жабылса, нарық күніне Парсы шығанағы мен Ираннан келетін 5 млн баррель мұнайдан айырылады. «Салдарынан баға одан әрі шарықтайды», – дейді.

Алтынның құны шарықтады

Мұнаймен қатар әлемдік нарықта алтын бағасы да шарықтап барады. Бір унция құны 3400 долларға жетті. Сарапшылардың пікіріне қарағанда алдағы апталарда баға өсе бермек. Бұл үрдіс инвесторлардың алтынды «қауіпсіз актив» ретінде қарастыруымен байланысты. Әлемдік шиеленістер кезінде сұраныс күрт артады. Айта кетейік, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс басталғалы бері алтын бағасы 3% өсті.

Әлемдік қор нарықтары құлдырады

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі әлемдік қор нарықтарына да әсер етті. Dow Jones индексі 770 пунктке төмендеп, шамамен 2% арзандады. S&P 500% және Nasdaq көрсеткіштері 1% төмендеді. Бұл инвесторлар тарапынан алаңдаушылық туғызады. Нарықтағы тұрақсыздық мен экономикалық белгісіздікке байланысты трейдерлердің көбі акциялардан мүмкіндігінше тез құтылуға ұмтылып жатқаны айтылады.