2025 жылдың алғашқы айларында байқалған қысқамерзімді ауытқуларға қарамастан, 6 айдағы инвестициялық кіріс шамамен 350,7 млрд теңгеге жетті.
Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтары олар аударатын жарналардан, зейнетақы активтерін басқару нәтижесінде алынған инвестициялық кірістерден құралады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген. 2014 жылғы 1 сәуірден бастап 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жинақтардың жалпы көлеміндегі таза инвестициялық кірістің үлесі жүргізілген төлемдерді ескергенде 40,5%-ды құрады, жинақталған таза инвестициялық кірістің көлемі 12,18 трлн теңгеден асты.
ҚРҰБ басқаратын, міндетті, міндетті кәсіптік, ерікті жарналар есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылғы шілдеден бастап 2025 жылғы маусымға дейінгі кейінгі 12 айда 12,22%-ды құрады, инфляция 11,8% болды. ЖМЗЖ-ның кейінгі 12 айдағы табыстылығы – 12,15%.
Неғұрлым ұзақ кезеңді қарастырар болсақ, орта, ұзақ мерзім ішінде зейнетақы жинақтарының жинақталған инфляция деңгейінен асатын оң, нақты кірістілігі қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 шілдеге дейін жинақталған инвестициялық кірістілік 996,28%-ды құрады. Бүкіл кезеңдегі инфляция 892,73%-ға тең.
Келтірілген сандар зейнетақы активтерінің жекелеген қысқамерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайтындығын көрсетеді. Өйткені қысқа мерзім ішінде есептелген қаржы құралдары, басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі кірістер әрдайым осы кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының өзгеруін жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық кірісті объективті бағалауды кем дегенде бір жыл ішінде жүргізген жөн.
Елімізде инфляция деңгейі ескеріле отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік беріледі. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық.
Әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.