Қосшыда 5 жасар бала суару арнасына батып кетті. Бүлдіршіннің денесін жақыны арнадан өзі алып шыққан, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

3 тамызға қараған түні Қосшыда қайғылы оқиға болды. Бұл туралы Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті.

"Сағат 12:38-де Қосшы қаласы, Нұра-Есіл суару арнасынан (Нұра-Ишим көшесі бойы) 2020 жылы туған бала өлі табылды. Денесін туысы алып шыққан. Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. ТЖД қызметкерлері оқиға орнына шақыртылмаған", — деді облыстық ТЖД ресми өкілі Ерсаин Қойшыбаев.

Алдын ала мәлімет бойынша, бала арнаға құлап кеткен болуы мүмкін.

Құтқарушылардың мәліметінше, Нұра-Есіл суару арнасы – Астана қаласын техникалық сумен қамтамасыз ету және арна бойындағы жерлерді суару мақсатында Нұра өзенінің бір бөлігін Есілге бұру үшін арналған стратегиялық маңызы бар нысан.

Жыл басынан бері Ақмола облысында суға байланысты 19 қайғылы жағдай тіркелген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget