Ақтауда 14 жастағы жасөспірім суға батып қаза тапты, деп хабарлайды 24KZ. Оқиға 9А шағынауданы маңындағы рұқсат етілмеген жағажайда болды. Куәгерлердің жедел әрекетінің арқасында тағы бір жасөспірім аман қалып , қазір ауруханада жатыр.

Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқушылар суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған. Маңғыстау облысы бойынша теңізге шомылуға арналған 45 ресми жағажай бар. Барлық жағажайларда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік етеді. Алайда қайғылы оқиға дәл осы күзетілмейтін, бақылаусыз аймақта тіркелді.

Теңізге түсу маусымы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында жалғасады. Мамандардың айтуынша, былтыр өңірде 14 адам суға кетіп, оның үшеуі кәмелетке толмаған балалар болған.

Ерлан Сұлтанмұратов, ТЖД ресми өкілі:

- Жыл басынан бері осы кешегі жағдай бойынша 1 адам тіркелді. Маңғыстау облысында суға шомылуға арналмаған 10 аумақ бар. Сол 10 аумақта қазіргі таңда Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кезекшілікте тұр.