Елдегі туристік аймақтар мен демалыс орындарын бақылауға Қоғамдық кеңес мүшелері атсалысады.
Бұл қоршаған ортаны қорғауға, көпшілік орындарда тәртіптің сақталуына ықпал етеді. Бүгінде өңірлердегі Қоғамдық кеңестің 3 мыңнан астам мүшесі туристік орындарда тексеріс жүргізіп үлгірген. Нәтижесінде мәдени жәдігерлер мен қоршаған ортаның тазалығына қатысты 60-қа жуық ескерту мен ұсыныс берілді. Шараға елорда іргесіндегі Қосшы қаласының жастары да белсене атсалысты.
Мөлдір Маратқызы, Қосшы қаласы әкімдігі "Жастар" ресурстық орталығының басшысы:
- Жазғы маусымда биыл үшінші мәрте «Жасыл ел» жобасы іске асырылып жатыр. Биылғы маусымда біз 90 жасты жұмыспен қамтыдық. Олардың бастапқы жұмысы осы қоқыстан қаламызды тазарту. Біз қала тұрғындарын тазалықты сақтауға, қоқысты бей-берекет шашпауға шақырамыз.
Шомылу маусымы басталғалы демалыс аймақтарына келушілер қатары артқан. Алайда бұл қоршаған орта тазалығына кері әсерін тигізіп отыр. Жергілікті өзін өзі басқару органдары абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жиі жүргізгенімен, экологиялық мәдениетке салғырт қарайтын тұрғындардың қатары көбеймесе кемімей тұр.
- «Мен жаңа қоқыс жинауға шықтым. Бір қапты 10 минутта жинап шықтым. Қоқыс көп».
Сәлімбай Шунеев, республикалық қоғамдық кеңес қауымдастығының басшысы:
- Әлі де айыппұлдардың салынып жатқанын, қарастырылғанын халықтың бәрі біле бермейтін сияқты. Себебі демалыс орындарына барсаң, соңдарынан ең аз дегенде 1-2 қоқыс қалдырып кетеді. Алғашқы кезде әр жерге жазып көрсеткеніміз дұрыс деп ойлаймын.
Қоршаған орта тазалығын сақтау – бұл билік өкілдерінің ғана міндеті емес, бұл сіз бен біздің, елдегі әр азаматтың жауапкершілігінде. Бірлескен күш-жігермен ғана экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұмса табиғатты теңдессіз күйінде сақтап қалуға болады.
Назым Қайрат, Жарқын Өрден