Бүгіннен бастап Астанада скандинавиялық жүріс пен йогадан жаттығу сабақтары басталады.
Оған тұрғындар тегін қатыса алады. Шаралар қаланың барлық ауданын қамтып, үй аулаларындағы ашық аспан астында арнайы мамандармен өтеді. Қала әкімдігі мұндай бастаманы жастардың спортқа қызығушылығын арттыру үшін қолға алған. Алайда телефонға телмірген жас өрендер салауатты өмір салтын ұстануға қаншалықты қызығар екен?
Мен жаттығып тұрған мына жадбық секілді инфрақұрылымды қалдағы кез келген тұрғын үй кешенінің ауласынан көруге болады. Мамандардың пайымдауынша, қазір спорттың орнына гаджетті таңдайтындар көбейген. Ал олардың санасына бұқаралық спорт түсінігін сіңіру үшін бірқатар жұмыс атқаралып жатыр.
Жастардың бұқаралық спортқа қолжетімділігін арттыру үшін қала бойынша тіпті тегін үйірмелер де қарастырылған. Ал ашық аспан астында күрес, футбол, волейбол алаңы секілді жазғы «стрит ворк-аут» аумақтар жұмыс істеп тұр.
Қайсар Жауғашар, қала тұрғыны:
- Мұнда бізде жаттығулар күшті өтеді. Күннен күнге балалар, үлкен кісілер келіп жатыр. Бәрі ұнайды. Болашақ жастардың қолында дейді, жастар айналысуы керек. Қазіргі жастар айналысса, ертең өскен соң олардың балалары мықты болып туылады. Спорт бүкіліне керек.
Жыл басынан бері елімізде 1050 бұқаралық шара өткізу жоспарланған еді. Бүгінде оның жартысынан астамы жүзеге асты. Алайда статистикада аса өзгеріс байқалмайды. Ресми дерекке сүйенсек, 1 жарым миллионнан асып жығылатын Астана халықының 601 мыңы ғана спортпен жүйелі түрде айналысады екен. Яғни бұл тұрғындардың тек 40 пайызына тиесілі. Бірақ әкімдік жыл соңына дейін көрсеткішті 2 пайызға ұлғайтуды көздеп отыр. Ол үшін арнайы жоба бекітіп, тегін секциялардың санын арттыру қолға алынды.
Астана халқының саны – 1 566 566
Спортпен шұғылданатындар
2023 ж. – 39%
2024 ж. – 40%
2025 ж. – 42%
Азамат Ағзамов, Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Қалада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион, Қазақстан спорт сарайы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Оған қоса биылғы бірінші жартыжылдықта үш спорттық кешен ашылды. Спорт инфрақұрлымы дамып келеді. Биыл Железнодорожный мен Үркер тұрғын алабында 2 дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылады.
Қазір жастар арасында семіздік белең алған. Фитнес-жаттықтырушы Айтым Жақыповтың айтуынша, артық салмақтан зардап шегетіндердің қатарында әсіресе жасөспірімдер көп. Физикалық белсенділік болмаса, семіздіктен бөлек, өзге де қауіпті ауруларға шалдығу мүмкіндігі жоғарылайды.
Айтым Жақыпов, фитнес-жаттықтырушы:
- Семіздік – тек елімізде емес, қазір әлемдік мәселеге айналып отыр. Жастар бір орында отыра береді, артық қозғалмайды. Біздің фитнес-залда жаттығатындардың салмағы 100 келіден асады. Әрине, бұл жерде алдымен дұрыс тамақтану әдісін меңгеріп, сонан соң спортқа бет бұру керек. Ал жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануын ата-аналар қадағалауы қажет.
Қазір ұлт саулығын бекемдеу мәселесі өзекті. Бұл туралы Президент те айтып, бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді. Жоспар қабылданып, биыл бір ғана елордада 150-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Әрине, оның ішінде спорттық инфрақұрылымды орнату мәселесі де бар.
Альмира Оразбай Марат Диханбаев Мадияр Қындыбаев