Ол 23 жастағы жігіттің бостандықта жүргеніне наразы.
Түркістан облысында 16 жасында ана атанған қыз әділдікке қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Құрсағындағы сәбиін жақында босанған бойжеткен жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген әскери қызметкер тиісті жазасын алсын деп отыр. Ол тергеу созбалаңға салынып, азғындық жасаған 23 жастағы жігіттің бостандықта жүргеніне наразы.
Небәрі 16 жасында ана атаған Түркістан облысының тұрғыны әскери қызметкермен былтыр көктемде таныстым дейді. Сөзіне сенсек, әуелі әлеуметтік желіде сөйлескен екеу кейін кездесіп, соңында ер адам пәтерге ертіп апарған. Содан сұмдықтың бәрі басталды деп отыр.
"Күшпен жыныстық қатынас болды. Ешкімге айтпа. Жұмыстан шығарып жібереді. Мен органда істейтін адаммын білесің деп. 15 жасымда көтеремін. Больницаға учетқа тұруға барған кезде РУВД-ны шақырды. Тергеуші айтты іс ашылады деп", – деді жәбірленуші.
Ал жігіттің жақындары жағдайды ушықтырмауға көндіріп, қызды сырға салып алып кеткен көрінеді. Бірақ бойжеткен бала көтеріп, қылмыстық іс қозғалған. Осылайша, жүкті қыз үйіне кері қайтыпты. Жәбірленуші тарап арымды таптап, масқара қылған 23 жастағы жігіттің жазаланғанын қалайды. Алайда тергеу созбалаңға салынып, бес айдан бері жылжымады деп ашынады. Кәмелет жасына толмаған қыз бір ай бұрын босаныпты. Қазір кішкентай сәбиін әкесіз өзі бағып отыр. Ал полиция тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Өзге ақпаратты жария етпеді.
"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның қорытындысымен процессуалдық шешім қабылданатын болады", – деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Психологиялық соққы алған жасөспірім көшеге шығудан қалдым деп жыларман болды. Қатты қиналдым деген қыз өз өзіне қол жұмсауға тырысқанын да жеткізді. Алайда туыстары дер кезінде араша түскен екен.