Қызметтік тергеу басталды.
АҚШ-тың Құпия қызмет агенті Дональд Трамптың Шотландияға сапары кезінде қызметтік ұшаққа өзінің әйелін отырғызбақ болған. Бұл іс бойынша қызметтік тергеу басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, агенттің әйелі президент ұшағы жиі ұшатын Вашингтон маңындағы Эндрюс әскери базасында, жоғары лауазымды тұлғаларға арналған күту залында отырған. Бұған дейін ол Құпия қызмет ұйымдастырған сапар алдындағы арнайы брифингке де қатысқаны белгілі болды.
The Herald басылымының жазуынша, агент әйелін қызметкерлер мен құрал-жабдықтарды тасымалдайтын Құпия қызмет ұшағына отырғызуға тырысқан. Агенттің әйелі АҚШ Әуе күштерінің әскери қызметшісі екендігі туралы да ақпарат тарады. Алайда әуе кемесі ұшар алдында, әйелді бортқа кіргізбей қойған.
25-29 шілде аралығында Ақ үй басшысының Шотландияға сапары болды. Сейсенбі күні Трамп осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Бір түрлі жағдай. Мұны аздап қауіпті деп есептемейсіздер ме? Бұл жайлы екі минут бұрын естідім. Менің ойымша, Құпия қызмет басшысы Шон Карран бұл мәселемен айналысатын болады", – деді Дональд Трамп.