Бұл ақпаратты қаржы министрлігі хабарлады.

Жауапты ведомоствоға қарасты Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тексеріс есебін жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жалпы тексеріс барысында 921 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы қамтылып, 1699 рәсімдік заңбұзушылық тіркелген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде анықталған қаржының 279,5 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылған. Бұл қаражаттың бір бөлігі тікелей бюджетке қайтса, қалғаны тауар жеткізу, қызмет көрсету мен жұмыс орындау арқылы өтеліп, бухгалтерлік есепте қалпына келтірілген.

Онлайн-мониторинг жүйесі арқылы мектеп, аурухана, мәдениет және спорт мекемелері сынды 5,9 мың нысан қамтылып, олар 950,3 млн теңгеге заңсыз төлем жасағаны анықталды.

Одан бөлек, аудит қызметі 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын да сараптап, бюджетке тапсырыс беру кезінде 860 млрд теңгеге жуық қате жіберілгенін анықтады.

Енді бұл бағытта камералдық бақылаудың толыққанды тетігін енгізу және міндетті түрде тиісті шаралар қабылдау көзделіп отыр.