Үкімет салық шығыстары туралы жыл сайынғы талдамалық есеп әзірлеу қағидаларының жобасын жариялады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі "Салық шығыстары туралы талдамалық есепті қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжат мемлекеттік ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыруға және салықтық жеңілдіктердің нақты нәтижесін бағалауға бағытталған.
Жаңа тетік аясында Қазақстанда алғаш рет салық шығыстары туралы жыл сайынғы талдамалық есеп енгізіледі. Енді әрбір салықтық жеңілдік жеке қаралып, оның инвестиция тартуға, жұмыс орындарын құруға, экономиканың түрлі салаларын дамытуға және стратегиялық мақсаттарға әсері сараланады.
Талдау мемлекеттік органдардың мәліметтері, салық есептілігі мен ресми статистика негізінде жүргізіледі. Нәтижесінде салықтық жеңілдіктерді сақтау, өзгерту немесе жою туралы шешім қабылданады.
Сонымен қатар құжатта ықтимал және нақты салық түсімдері арасындағы айырмашылықты анықтайтын салықтық алшақтықты талдау жүйесін енгізу қарастырылған. Бұл салықтық әкімшілендіру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Министрлік алғашқы талдамалық есепті 2027 жылы салық реформасын енгізу қорытындылары бойынша жариялауды жоспарлап отыр.
Қаулы жобасы "Ашық НҚА" порталына қоғамдық талқылау үшін орналастырылды. Талқылау 2026 жылғы 5 маусымға дейін жалғасады.