Әлеуметтік желілерде АҚШ-тан келген журналист Хоуп Лаудонның оқиғасы қызу талқыланып жатыр. Оның сөзінше, Қазақстанда такси жүргізушісі тиіскен, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде америкалық әйел Сарыағашта болған жағымсыз оқиға туралы баяндады. Визасы болмауына байланысты оны Ташкентке барар жолда пойыздан түсіріп кеткен.
Журналистің айтуынша, Сарыағашта ол қиын жағдайға тап болған, байланыссыз, қолма-қол ақшасыз және билетсіз қалған. Оған жергілікті жасөспірім көмектескен көрінеді. Жасөспірім қолма-қол ақша шығарып алуға көмектесіп, танымал қосымша арқылы Шымкентке дейін такси шақырып берген.
"Жасөспірім мені көмекке мұқтаж шетелдік әйел ретінде көрді, ал такси жүргізушісі менің осалдығымды пайдаланғысы келді. Сапар басталған соң бірден қауіп барын сездім, бірақ түсіп қалуға кеш болды: барар жерім де, басқа көлік те болмады. Жүргізуші сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүрді, жол бойы телефон қарап келді. Ол "мекен жай алыс болғаны" үшін тағы 5000 теңге талап етті, бұл өтірік еді, оның үстіне менде қолма-қол ақша болмады, мен бас тарттым", — деді Хоуп Лаудон.
Шетелдіктің айтуынша, сапар барысында такси жүргізушісі қайта-қайта біреуге қоңырау шалып, "америкалық әйелді" апара жатқанын айтып мақтанған.
"Менің ойымша, ол осы адамдармен бірге арам ойын жоспарлады. Шымкентке жеткенде жүргізуші мені апарып тастайтынын, бірақ алдымен басқа жерге соғуы керек екенін айтты. Менің ойымша, мені қаладан жырақ алып шығып, жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткісі келді. Мен қалаға түсіріп кетуін талап еттім..." — деп еске алды турист.
Америкалықтың сөзінше, такси жүргізушісі тоқтағаннан кейін оған сөмкесін өз бетімен алуға рұқсат бермеген.
"Оның орнына ол осы сәтті пайдаланып, интим жерімнен ұстады. Мен бұрылып, оның жейдесінен ұстап алып, айғайлап жібердім, ол сол кезде ғана тоқтады", — деді әйел.
Шымкент Полиция департаменті мәліметінше, такси жүргізушісі анықталып, одан жауап алынған.
"Такси жүргізушісі ұсақ бұзақылық жасағаны және жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік азаматқа барлық қажет көмек көрсетілді", — деп түсіндірді ведомство өкілі.
Кейінірек Хоуп Лаудон видеоүндеу жолдап, қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!