Израиль Газа секторында « гуманитарлық үзіліс» енгізді. Бұл шешім гуманитарлық көмекті тарату мақсатында қабылданып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Уақытша бітімгершілік шарасы гуманитарлық дәліздер мен халық көп шоғырланған аймақтарда жүзеге асады. Сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін БҰҰ және гуманитарлық ұйымдар үшін қауіпсіз бағыттар ашылады.

Бұл шешім елдің саяси басшылығының нұсқауымен және БҰҰ-мен келісім арқылы қабылданған.

Бұған дейін Израиль армиясы гуманитарлық көмекті әуеден тастау жұмыстарын қайта бастағанын хабарлаған еді. Осыдан кейін Газа секторына азық-түлік тиелген жеті паллет жеткізілді.

Қазір Газада шамамен екі миллион адам тұрады. Олардың басым бөлігі ауыр гуманитарлық жағдайда өмір сүріп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл аймақта «өлімге әкелуі мүмкін ашаршылық дағдарысы» басталуы мүмкін екенін ескертті.

Айта кетейік, мамыр айында Израиль Газада «Гидеон арбалары» деп аталатын ірі әскери операцияны бастаған. Тек алғашқы тәуліктің өзінде 150-ден астам «террористік нысана» атқыланған болатын.