Ведомство басшысы медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуды талап етті.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай және Қарағанды қалаларында дәрігерлерге қатысты сұмдық оқиғалардан кейін қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, Қостанай облыстық ауруханасында қатыгездікпен соққыға жығылған жас хирургтің жағдайы ауыр.
"Сіздерге перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатқым келеді: медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар! Негізсіз, ашу мен ызаға бой алдырған қатыгез әрекеттер кезінде өз балаларыңызды, ата-аналарыңызды, жақындарыңызды аман алып қалуға жан салып жүрген дәрігер мен мейіргердің бойын билеген жан жарасы мен қорлығы, қорғансыздығы мен үрейін елестету мүмкін емес. Біз тағы да Қарағанды мен Қостанайда болған екі сорақы жағдайға куә болып отырмыз. Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалды. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылды. Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер реанимацияда. Жағдайы – ауыр", – деді Әлназарова.
Денсаулық сақтау министрі бейбіт заманда дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай екенін айтты.
"Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек? Бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы. Шабуыл жасалған қабылдау бөлімдері – онсыз да қаупі жоғары аймақтар", – деп атап өтті министр.
ДСМ басшысы медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер биылғы қыркүйекте Парламентке енгізілетінін алға тартты.
"Мұндай әрекеттерді тұрмыстық қақтығыс ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде бағалау қажет. Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты Ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылданды. Барлық медициналық ұйым бейнебақылау жүйесімен, күзетпен және дабыл батырмаларымен қамтамасыз етілуі тиіс", – деп түсіндірді Әлназарова.
Ведомство жетекшісі атап өткендей, жапа шеккен қостанайлық дәрігердің өмірін сақтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажетті әрі батыл шараларды қабылдайтын болады.
"Ертең дәрігер санитариялық авиациямен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, білікті мамандардың қатысуымен әрі қарай ем қабылдайды", – деді министр.