54 жастағы ер адам бағанды сырлау кезінде астындағы саты сынып, биіктіктен құлаған.

Бастан алған жарақат салдарынан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 14 шілдеде Көкшетау қалалық полиция басқармасына жедел жәрдем станциясының фельдшерінен қаладағы кәсіпорындардың бірінде болған жазатайым оқиға туралы телефон хабарламасы түскен.

Қазір аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі – "Еңбекті қорғау ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторы тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұл – өңірдегі алғашқы қайғылы жағдай емес. Осы айда су құбырын жөндеп жүрген жұмысшылар көз жұмған еді.