Ұлттық банк 10 жылдан бері іске асыра алмай келе жатқан жобасын биыл толыққанды іске қосуға уәде беріп отыр.

Түсіндіре кететін жайт, сонау 1993 жылғы 15 қарашада қолданысқа енгізілген банкнот және монет түріндегі теңге – Қазақстанның ұлттық валютасы, фидуциарлы (fiducia) және фиатты (fiat) ақшасы болып табылады.

Қазіргі кезде қазақстандықтар күн сайын тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеу кезінде банк картасы немесе мобильді қосымшасы арқылы қолданатын қолма-қолсыз теңге – электронды ақша. Олар қарапайым фиатты ақшаның электронды түрі ғана.

Ал, цифрлық теңге – Қазақстан Республикасының жаңа ұлттық валютасы болып саналады. Ол кәдімгігі теңгеге еш байланбаған, одан тыс, тәуелсіз әрекет етеді.

Біраз жыл пысықталған "Цифрлық теңге" жобасы осыдан 3 жылдай бұрын қолданысқа берілуге тиіс еді. Ұлттық банк 2021 жылы қаржы секторының цифрлық инфрақұрылымын дамыту және қаржылық инновацияларды енгізу бағдарламасын белсенді түрде іске асыруға кірісті.

Цифрлық валюта Ұлттық банктің 2021 жылғы зерттеулерінің басты бағыты болды. Соның негізінде цифрлық теңге платформасының прототипін әзірлеу аяқталды және оған қатысты нарық қатысушыларымен және халықаралық ұйымдармен талқылаулар сериясы өткізілді. Пилоттық жобаның аралық нәтижелері Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде таныстырылды.

Нәтижесінде, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық банк 2022 жылғы 1 шілдеге дейін пайда мен шығындарды бағалап, цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдауға тиіс болатын. Сол кездегі бас банкир Ерболат Досаев бұл істі аяғына жеткізбеді.

Толыққанды цифрлық теңгенің тұсауын кесу қазіргі Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің еншісіне тиді. Цифрлық теңге жобасы былтыр пилоттық режимде өмірге жолдама алды.

Алдымен, ол қазақстандық экспорттаушыларға бюджетке төлеген қосылған құн салығын кері қайтаруда пайдаланылды. Содан соң коррупция жайлаған жол құрылысы және жол жөндеу саласының кейбір жобаларындағы қаржы ағынын ашық етуге қолданылыпты.

Бас банкирдің мәліметінше, бүгінде айналымда 257,5 миллиард цифрлық теңге жүр. Алда бұл сан он есеге дейін артуы мүмкін. Тимур Сүлейменов бұл платформа қазіргі кезде тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану кезеңінде тұрғанын мәлім етті.

Ең бастысы ҚРҰБ төрағасы Сүлейменов цифрлық теңгені 2025 жылғы желтоқсан айында толыққанды іске қосуға уәде етті.

Ұлттық банкте цифрлық теңгені енгізуге жауапты тұтас құрылым құрылған. Осы цифрлық трансформациялаудың жетекшісі Бинұр Жаленов баяндағандай, цифрлық теңге бүгінде 10-нан астам жоба бойынша сынақтан өтті.

"Атап айтқанда, соның арқасында цифрлық ҚҚС салығын қайтару мерзімін 75 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту мүмкін болды. Бұдан бөлек, жолдарды жөндеуге арналған қаражатты таңбалау үшін цифрлық теңге "Павлодар-Атырау" және "Мұқыр-Құлсары" жобаларында сыналды. Сондай-ақ ол енді "Достық-Мойынты" теміржолының және "Талдықорған-Үшарал" газ құбыры учаскесінің құрылысы және Ұлттық қордан қаржыландырылатын басқа да жобаларға бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін де пайдаланылуда", – деді Жаленов.

Оның мәліметінше, алдағы уақытта ұлттық жаңа валютамен "Бейнеу-Бозой-Шымкент" газ құбыры, Газ тарату кешені, "Бақты-Аягөз" теміржол учаскесі сияқты жобаларды жүзеге асыру жоспарда тұр.

Бұдан басқа, "Ауыл аманаты" шағын несие беру бағдарламасы аясында қаражатты дұрыс жұмсамаса, мақсатсыз пайдаланса, цифрлық теңге арқылы оны бұғаттап тастау тетігі сынақтан сәтті өтіпті.

Өйткені Жоғары аудиторлық палата анықтағандай, "Ауыл аманатының" қаражатын әкімдер әлдекімдерге қалада сұлулық салондарын ашуға таратып жатыр.

Жалпы, цифрлық теңгені енгізуден үрейленетін сарапшылар мен қоғам белсенділері мұндай ақшаны бұғаттап тастау үшін азаматтардың банк шоттарына тұтқын салу қажет болмай қалатынына назар аудартады.

Қалай болғанда, Ұлттық банк жаңа ұлттық валютаны енгізу аясын енді күрт кеңейтуге ниетті. Атап айтқанда, ҚРҰБ азаматтарды жылжымайтын мүлік нарығында тұрғын үй және басқа жылжымайтын мүлік сатып алғанда, сондай-ақ автокөлікті тапсырыспен алғызғанда немесе автосалоннан алғанда цифрлық теңгені пайдалануға міндеттеуді ұсынып отыр.

Бұдан өзге, қазақстандықтардың қымбат заттарды сатып алуы, балалардың мектептегі тамақтануы, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік несиелеу құралдары сияқты қаптаған бағыттарда да цифрлық теңгені енгізу мәселелері пысықталып жатыр.

Жеке және заңды тұлғаларды міндеттеу үшін заңнамалық база керек. Сол себепті Үкімет салалық нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге де қатты назар аударуда.

Бүгінде "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңға, цифрлық шот ұғымын құқықтық айналымға енгізуге және басқа да ілеспе нормаларды қарастыруға бағытталған бірқатар заңнамалық түзетулер дайындалған. Ол Мәжілістің қарауына тапсырылады.

Шенеуніктер цифрлық теңгенің тек жақсылығын асыруда. Премьер-министр де Үкіметтегі осы мәселеге арналған жеке жиында цифрлық теңгенің негізгі артықшылықтарын қаперге салды.

Оның байламынша, жаңа ұлттық валюта бағдарламалауға және таңбалауға икемді, әрі тиімді. Бұл қаражаттың қозғалысын қадағалауға және мақсатсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Мысалы, цифрлық теңгенің жаңа шығарылымын "жол құрылысына арналған қаржы" деп таңбаласа ("бояса"), жолшыбай ол ақшаның бір бөлігі "откат" ретінде бөгде шоттарға аударылса, мұның бәрі платформада көрініп тұрады және Ұлттық банк ол "тармақтарды" дереу бұғаттап тастай алады.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, цифрлық теңгенің көмегімен ақшаны таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Цифрлық теңге бюджет қаражатын мақсатты пайдалануда толық ашықтықты және жүйелі бақылауды қамтамасыз етеді. Ақшаны таңбалауды кеңейтуді тиімді жүзеге асыру үшін ақпараттық жүйелердің "Цифрлық теңге" платформасымен уақтылы интеграциялануын қамтамасыз ету қажет", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Ол қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны пысықтауды талап етті. "Боялған ақша" тетігін енгізу сапалы және толық көлемде жүзеге асырылуға тиіс екенін нықтады.

Үкімет басшысы таяу арада Ұлттық қор мен бюджет есебінен қаржыландырылатын кемінде 100 ірі жобаны "цифрлық теңге" форматына ауыстыруды тапсырды. Әңгіме онда триллион қаржы туралы болуы мүмкін.

Бектенов меморгандарды Ұлттық банкпен және бизнеспен бірлесіп, экономиканың жекелеген секторына цифрлық теңгені кең көлемде жедел интеграциялаудың арнайы Жол картасын әзірлеуді міндеттеді.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева цифрлық теңгенің енгізілуін енді ештеңе тоқтата алмайтынына назар аудартты.

"Осыдан үш жылдай бұрын Ұлттық банктегілерден осыған қатысты сұрақтар қойғанымызда, олар шешім қабылдауға қатысты әлі айқындалмағанын алға тартатын. Енді Президенттің тапсырмасы, сондай-ақ бюджеттік дағдарыс оларды цифрлық теңгені жедел енгізуге итермелеуде. Халық бір нәрсені түсініп алуы қажет: цифрлық теңге – қолданыстағы теңгенің электронды баламасы емес, бұл – ұлттық ақшаның жаңа түрі! Ол мемлекеттің резервтерімен қамтамасыз етілген. Ескі теңгеге қарағанда цифрлық теңге инфляциядан барынша қорғалады", – деп сендірді депутат Смышляева.

Мәжілісмен цифрлық теңгенің басты артықшылығын атады: соның арқасында мемлекет, құзырлы органдар әрбір компания, әрбір адам қолындағы ақша қозғалысын мұқият қадағалай алады. Қаржылық мониторинг жүйесі бұрын-соңды болмаған деңгейде күшейеді. Күдікті деп таныса, жауапты құрылым ол ақшаны бұғаттап тастай алады.

Өйткені цифрлық теңге блокчейн технологиясына құрылған. Оның қолдан қолға көшуі тізбек-тізбек түрінде платформада көрсетіліп тұрады. Әрбір цифрлық теңгенің төл, қайталанбас цифрлық ізі болады.

Осы арқылы, депутаттың түсіндіруінше, цифрлық теңге салықтық әкімшілендіруді жеңілдетеді. Айталық, әлдекім 10 миллион цифрлық теңгені жасырын, жария емес қызметінің ақысы ретінде блогерге не асаба-тамадаға берсе, Мемлекеттік кірістер комитеті оның заңсыз табыс тапқанын біліп, әңгімеге шақырады.

Ал, асабалар, басқасы бұрынғыдай "шытырлаған" дәстүрлі фиат ақшамен заңсыз кіріске кенеле бермеуі үшін болашақта мемлекет толығымен цифрлық теңгеге көшіп, купюрадағы теңгеге шектеу енгізуі әбден мүмкін. Оның үлгісі де бар, іргедегі Қытай кезең-кезеңмен цифрлық юаньға өтуді және дәстүрлі юаньның қозғалысын шектеуді бастап та кетті.