Түркістан облысында сібір жарасы дерегі тіркелді. Төле би ауданының тұрғыны күйдіргі індетіне шалдыққан. Қазір науқас аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Эпидемиологтардың мәліметінше, ол осыдан он күн бұрын ауру малды сойып, етін пайдаланған. Сақтық шараларын ескермегендіктен, инфекция жұққан болуы мүмкін.

Дәрігерлер науқаспен байланыста болған 10 адамды тексеріп шыққан. Абырой болғанда, олардан дерттің белгілері анықталмапты. Облыстық санитария қызметінің мамандары бұл жағдайды растады және тұрғындарға мал өнімдерін тұтынарда сақ болуды ескертті.

"Малдың етін сатумен айналысатын жігіт екені анықталды. Қазір ол инфекциялық бөлімде ем қабылдап жатыр. Диагноз зертханалық түрде расталды, сібір жарасының қоздырғышы табылды. Аурудың жұғу себебі: науқас ветеринардың рұқсатынсыз, ауырып тұрған малды өз үйінде сойған", – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Мақұлбекқызы.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз