Шымкент қаласында Nazira Gold қаржы пирамидасын құру және басқару ісі бойынша 9 адам кінәлі деп танылып, оларға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания өкілдері ретінде таныстырған, олар салымшыларға ай сайын салынған қаржының 20-40 пайызы көлемінде табыс уәде еткен.
"Алайда төлемдер нақты табыстан емес, жаңа салымшылардың есебінен жүзеге асырылып отырған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам азамат тартылған. Күдіктілер салымшылардан түскен ақшаны қымбат автокөліктер, жер телімдері мен пәтерлер сатып алуға жұмсаған", — делінген хабарламада.
Сот үкімімен 9 адам кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сот шешімімен 402 млн теңге көлеміндегі қаражат, 52 автокөлік, жеке тұрғын үй, элиталық тұрғын үй кешендеріндегі 2 пәтер, сондай-ақ 17 келі зергерлік бұйым мемлекет пайдасына тәркіленген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз